Достықтың этафетасы Сырымға табысталды

Достықтың этафетасы Сырымға табысталды

Қазақстан халқы Ассамблеясының 25жылдығы аясында «Тұңғыш Президент жолымен...» халық экспедициясының эстафетасын қаратөбеліктер Сырым ауданына салтанатты түрде табыстады.
Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев бастаған аудан делегациясы мен БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақовты Төлеген Төреғалиев бастаған сырымдық ағайындар аудан кіреберісінен қарсылап, ақ дәм ұсынды.
Шараның басы қадірлі ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Экспедиция мүшелері бес диалогтық алаңға бөлінді.
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған алаңда БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Басқосуда Сырым ауданының әкімі өзі басқарып отырған өңірдегі ахуалды баяндады.
Экспедиция жұмысы аудандық мәдениет үйінде өткен Қаратөбе ауданынан келген көркемөнерпаздардың сазды бағдарламасымен жалғасты.
Кеш соңында Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асылханұлы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 25 жыл» кітабын салтанатты түрде табыс етті.