
25 ақпан күні Қаратөбе аудандық мәслихатының VI шақырылымдағы кезектен тыс ХХХIХ сессиясы оздырылды. Сессия жұмысына аудан әкімі Жанат Асантаев, ауылдық округі әкімдері, аудан мекемелері мен бөлім басшылары, қоғамдық ұйым төрағалары қатысты.
Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе Қаратөбе аудандық мәслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы № 19-13 «Қаратөбе ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы баяндама жасаған аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқали халық қалаулыларын шешім жобасымен таныстырып, бекітулерін сұрады.
Отырыста қозғалған екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған аудандық мәслихат аппаратының басшысы Жора Жанғазиев «Қаратөбе аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» шешім жобасымен таныстырды.
Сессияның күн тәртібінде қаралған шешім жобаларын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдап бекітті.
Басқосуда сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев мәслихат депутаттары атынан ұзақ жылдар аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында басшылық жасап зейнет жасына жетіп отырған денсаулық сақтау саласының үздігі Аманша Төлеуұлына құттықтау хат табыстады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы мәслихаттарының 25 жылдығына орай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін аудандық мәслихат депутаты Самал Жумина «Қазақстан мәслихаттар депутаттарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.