
Бүгін ауданға Шыңғырлау ауданынан арнайы делегация келіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы шеңберінде "Тұңғыш Президент жолымен... "халық экспедициясы" эстафетасын салтанатты жағдайда табыстады.
Алдымен делегация «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен жауынгерлер рухына тағзым етті. Шарада аудан әкімі Жанат Асантаев сөз сөйлеп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы шеңберіндегі экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.
Одан әрі экспедиция жұмысы арнайы құрылған 5 диалогтық алаңда жалғасты.
«Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы Елбасының тарихи рөлі», «Ата сөзі – бата сөз», «ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің атқарылған жұмыстары мен мәселелерін талқылау», «ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы мен Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері Ассамблеяның жұмысына қосқан үлесі мен бүгінгі таңда қол жеткен нәтижелері туралы», "Медиация және дебаттар: жанасу нүктелері" тақырыптарында өрбіді.
Шара барысында Батыс Қазақстан облысы ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов, Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев, аудан әкімі Жанат Асантаев пікір білдірді.
Диалогтық алаң жұмысынан соң аудандық мәдениет үйінде Шыңғырлау ауданы көркемөнерпаздарының концерті өтті. Концерт соңында Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев аудан әкімі Жанат Асантаев «Қазақстан халқы Асаммблеясы – 25 жыл» кітабын табыстады.
- Еліміздегі келісім мен бейбітшілік нығайған сайын Тәуелсіздік жолының табысты бола түсетінін Елбасымыз бұған дейін де айтқан болатын. Соған байланысты Ассамблеялар жанындағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысы осы бағытта жүруі керек. Осы бағытта қос аудан халқына татулықпен берекелі бірлік тілеймін, - дейді Батыс Қазақстан облысы ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов қорытынды сөз сөйлеп.