
Бүгін Қаратөбе ауданының орталығынан Дәуқара батырдың 335 жылдығына арналған салт аттылы экспедиция жолға шықты.
Экспедиция мүшелеріне аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев сәттілік тіледі.
Экспедиция құрамында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин, «Дәуқара батыр» көкпар командасының мүшелері және еріктілер бар.
Салт аттылар экспедиция барысында Қалдығайты өзенін жағалай, құмды шағылдар мен тарихи қоныстар арқылы 100 шақырымға жуық жолды жүріп өтпек.
Биыл халық батыры Дәуқара Қарақожаұлының (1687-1751 жж.) дүниеге келгеніне 335 жыл толып отыр. Жергілікті жұртшылық әуелден әулие тұтқан Дәуқара батыр зираты бүгінгі БҚО Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен елді мекенінде орналасқан. "Қасиетті Қазақстан" энциклопедиясының екінші томында Дәуқара батыр зиратының облыстық маңызы бар киелі жерлер қатарына енгендігі туралы ақпарат бар. Дәуқара батырдың құлпытасы Батыс Қазақстан облысындағы ең көне араб эпиграфикалы ескерткіш болып саналады.
"Қаратөбе өңірі" газеті