
Қаратөбе колледжінің ұйымдастыруымен талантты, шығармашылықпен айналысатын жастарды анықтау мақсатында «Мен таланттымын!» атты аудандық өнер байқауы өтті.
Шараға 13-17 жас аралығындағы оқушылар және колледж студенттері «Көркем сөз», «Вокал», «Хореография», «Аспапта ойнау», «Бейнелеу өнері», «Қолөнер» сынды өнер түрлері бойынша бақ сынады.
- Болашақ ұрпақты заман талабына сай бейімдеп, өнер саласындағы туындылардың сұлулық шәрбетімен сусындата оларға жан-жақты тиянақты білім беру арқылы эстетикалық мәдениетін және асқақтық сезімін өз дәрежесінде көтеруіміз керек. Байқаудың мақсаты дарынды жастардың талантын шыңдап, өнерге басқан қадамдарына жол ашу, балалардың көркем шығармашылығын дамытып, шыңдау, - дейді колледж директоры Мәулен Аманшаұлы.
Кеш барысында студент жастар ән шырқап, күй шертіп, өз өнерлерін ортаға салды.
Олардың арасынан қылқаламды жанына серік еткен суретшіні де, жан дүниеңнің қылын шерткен сыршыл ақынды да, білекті спортшыны да, әуезді үні бар әншіні де, белі бұралған бишіні де көріп тәнті болдық. Білім мен өнерді құстың қос қанатындай қатар алып жүрген шығармашыл жастардың өсіп келе жатқанын көрудің өзі бір ғанибет екен.
Жылдан жылға осындай өнер байқауына қатысушылардың санымен қатар сапасы өсіп келеді. Жалпы байқаулардың жыл санап деңгейі артуда. Сондықтан қазылар алқасына жүзден жүйрікті анықтау оңайға соқпады. Қазылар алқасы жұмыстарды жанр жағынан саралап, байқаудың бағалау критерийіне сүйене отырып әділ бағалады.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша бас жүлде 100 000 теңге Айжанар Махамбетқызына бұйырса, 10 000 теңге 5 қатысушыға, 5000 теңге 16 қатысушыға сондай-ақ 43 қатысушыға сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Аталмыш байқаудың бас демеушісі - ауданымыздың өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген жаны жомарт азамат, жеке кәсіпкер Ержан Хасанов.
Шығармашыл жастың дарынын ашқан өнер байқауы алғаш рет өз шымылдығын түрді. Жалпы «Мен таланттымын!» өнер байқауы арқылы жетпіске жуық жас шығармашылығымен танылды.