
Қазан айының 22-сі күні аудандық мәдениет үйінде ұлттық мейрам Республика күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.
Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев қаратөбеліктерді Республика күні мерекесімен құттықтап, елеулі еңбектерімен көрінген бір топ сала қызметкерлерін марапаттады.
Мерекеге орай Сәуле медициналық пунктінің фельдшері Ұлдай Нұрмышева, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Есенгүл Рабаева, аудандық коммуналдық кәсіпорны Қаратөбе-Үшана су желісінің операторы Ғалым Қазмағанбетов Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің алғысхатына ие болды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің алғысхатымен Қоскөл ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Нұржауған Дүйсенғалиева, Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының экономика және жеке кәсіпкерлікті дамытуға қосқан елеулі еңбегіне сай «Адал еңбегі үшін» ІІІ дәрежелі медалімен жеке кәсіпкер Тоқтар Омаров марапатталды. Сонымен қатар ауданның түрлі саласында қажырлы еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерге аудан әкімінің алғысхаты табысталды.
Салтанатты жиын аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Айтулы мерекеге орай аудан орталығындағы алаңда Егіндікөл, Жусандой, Аққозы, Қаратөбе ауылдарынан келген ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесі өтті.