
Таяуда Орал қаласындағы «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде тұңғыш рет шаңғымен спорттық бағдарлаудан жасөспірімдер мен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионаты оздырылды.
Еліміздің үздік спортшылары сынға түскен бұл спорттық додаға Нұр-Сұлтан, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан өңірлерінен келген және Батыс Қазақстан облысынан барлығы 8 жас ерекшелігі бойынша 200-ге жуық спортшы қатысты. Шаңғышылардың ең жасы – 10 жаста болса, ең үлкені – 40-ты еңсерген. Спорттық бағдарлауды насихаттау, жастардың туристік-спорттық дайындығын шыңдауға бағытталған додада облысымыздың намысын қорғаған Қаратөбе ауданы командасының өрендері де өз бақтарын сынады. «Қысқа», «орта», «ұзақ» және «эстафета» деп аталатын төрт қашықтық бойынша өткізілген сайыста жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көріне білді.
– Әр аймақтан оқ бойы озық шыққан үздік шаңғымен бағдарлаушылар, ҚР бірнеше дүркін чемпиондары мен спорт шеберлері бақ сынаған бұл жарыста жалпы саны 11 жүлделі орынның ішінде 7 қола, 2 күміс және 2 алтын медаль еншілеу арқылы өрендеріміз Қаратөбе өңірінің атын шығарар жас толқын өсіп келе жатырғандығын тағы бір дәлелдеді, - дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының қосымша білім беру педагогы Назерке Қайырлиева.