
Бүгін Қаратөбе аудандық сотының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалында қоғамда үлкен маңызға ие медиация жұмысының аясын кеңейту, сотқа дейінгі татуластыру жұмыстарының маңызы мен аудандағы билер кеңесі мен қоғамдық медиаторлардың атқарған жұмыстары турасында пікір алмасу бағытында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелде аудандық сот төрағасы Мереке Шүкіров медиацияның қоғамдағы рөлі мен оның қолдану аясын кеңейту, аудандағы билер кеңесі мен қоғамдық медиаторлар тарапынан атқарылатын жұмыстар турасында әңгімелеп, даулы екі жақты татуластыру кезінде әуелі екі тарапты мұқият тыңдап, өз ара түсінісуіне баса назар аудару қажеттігін алға тарты.
– Медиаторлар мен билер кеңесі арқылы өзара бітімге келудің тиімділігін, сотқа жүгінген жағдайда, сот шешімін күтіп біраз уақытын өткізетіндігін, сонымен қатар мемлекеттік баж салынатындығын дау-дамайға байланысты сотқа жүгінушілер ескере бермейтін сынды. Сондықтан тұрғындар арасында осы мәселелерге қатысты кеңінен түсінік беру үшін насихат жұмыстарын жиі жүргізуіміз керек, -деді аудандық сот төрағасы Мереке Өтепқалиұлы.
Сот төрағасының айтуынша аудан бойынша неке бұзу туралы 22 талап арыздың 8-і билер кеңесі мүшелері мен қоғамдық медиаторлар тарапынан татуластырылған.
Аталмыш шараға аудандық билер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, билер кеңесінің мүшесі Мәулен Қожахметов, Сулыкөл ауылдық округі бойынша қоғамдық медиатор Нұрлан Тұяқбаев, Қаракөл ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Ерболат Рамазанов өз пікілерін ортаға салды.
Аудандық билер кеңесінің төрағасы, елге сыйлы аудан ақсақалы Орынғали Бәкесұлы бітімгершілікке байланысты іскерлікпен біраз адамдарға ізгілікті іс жасағанын мысалға келтіре отырып, екі тарапты татуластыру, дау-дамайды шешу жолында құқық қорғау органдары мен аудандағы қоғамдық ұйымдар болып бірлесе жұмыс жүргізуге шақырды.
Сулыкөл ауылдық округінің қоғамдық медиаторы Нұрлан Тұяқбаевтың «Ауданда тыйылмай тұрған мал ұрлығына қатысты медиаторлар тарапынан екі тарапты татуластыру арқылы мәселені шешуге болама?» деген сауалына Сот төрағасы Мереке Шүкіров, мал ұрлығы ауыр қылмысқа жататындықтан оның тек сот арқылы шешілетіндігін айтты. Сонымен қатар мас күйінде көлік жүргізгендердің де ісі ауыр қылмысқа жататындықтан оның да сот арқылы шешілетіндігін тілге тиек етті.
Қоғамдық медиатор Ерболат Рамазанов Қаракөл ауылдық округінде дау-дамайға байланысты медиаторға жүгінген бірде-бір ауыл тұрғыны болмағанын айтады. Округте ешбір дау-дамай туындамаған.
Көпті көрген қаратөбелік зейнеткер, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мәулен Қожахметов елдегі тыныштықты сақтау баршаға ортақ міндет екендігіне тоқталып, осы бағытта жұмыла жұмыс жүргізу бүгінгі күннің басты талабы екендігін алға тартты.
Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, ауданның барлық округтеріндегі билер кеңесі мүшелері мен қоғамдық медиаторлар, аудандық сот мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.