
Қаратөбе ауданы әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру жиналысына келген облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевтың жұмыс сапары «Алашорда және Қайыржан Хасановтың» мемориалдық музей-кешенінде басталып, одан соң аудандағы «Қаратөбе спорт клубы» мекемесіндегі фитнес орталықтың және ауданда жасалынып жатырған жұмыстарға қанық болды.
Зал толы қаратөбеліктер алдында аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы турасында есеп берді.
- Ауданымызда Мемлекеттік тілде оқытатын 19 жалпы білім беретін мектеп (2,4 мың оқушы) жұмыс істейді. 115 оқушыға арналған 2 мектеп жанындағы интернат бар.
Колледж (137 оқушы), 8 балабақша (323 бала), 4 "мектеп-балабақша" кешені (87 бала), 13 шағын орталық (175 бала), 3 қосымша білім беру ұйымы (1460 бала), психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (24 бала) жұмыс істейді.
2019 жылғы түлектердің 135-і немесе 94,4 пайызы тестілеуге қатысып, ауданның жалпы орташа көрсеткіші 86 балды құрады. 9 оқушыға «Алтын белгі», 6 түлекке «Үздік аттестат» берілді. 103 мектеп бітіруші (72%) грант иегері атанды.
Соңғы 5 жыл ішінде 19 мектептің 1 күрделі жөндеуден өтті. Қалдығайты ЖОББ мектебі ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ-лары дайын. Соналы ЖОББМ асханасын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ-ға құжаттамалары жасақталуда.
Ауданның барлық мектептері көгілдір отынмен қамтылған.
Мектептердің интернетпен қамту деңгейі 100%-ды құрап отыр. 12 мектеп талшықты оптикалық байланыс желісіне қосылды.
2019 жылдың желтоқсан айында пилоттық жоба ретінде Қаратөбе мектеп-гимназиясына «Smart school» интеллектуалды ақпараттық жүйесі орнатылды.
5 мектеп «Kundelik.kz» электронды журналы жүйесіне қосылған.
19 мектептің 11 мектебінде робототехника кабинеттері жасақталған. Қаратөбе ауданы бойынша 3 IT сынып (Қаратөбе мектеп–гимназиясы, Мұхит атындағы ЖОББМ, Шөптікөл ЖОББМБК) бар.
Аудан бойынша 7 мектепте 2019 жылы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау, 1,10 сыныпқа оқушы қабылдауды, қызметкерлерді жұмысқа қабылдауды автоматтандыру енгізілді, қазіргі таңда жұмыстануда. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдауды автоматтандыру жүйесіне 7 балабақша, 2 мектеп-балабақша, 3 мектеп жанындағы шағын орталық, 1 мектеп алды даярлық қосылды, - дейді Жанат Асылханұлы.
Ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала т.б. салаларына толыққанды тоқталған аудан әкімі Ж.Асантаев аудан бойынша алдағы уақытта атқарылмақ жоба-жұмыстармен де бөлісті.
Сондай-ақ, аумақты көріктендіру, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, спорттық іс-шаралар бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев аудан әкімінің есебін оң бағалады. Аудан тұрғындары да өз кезегінде атқарылған жұмыстарға көңілі толатынын мәлімдеді. Дегенмен, әлі де ауыл ішілік жолдарды жаңарту, Шөптікөл ауылына жол салу, әлеуметтік нысандар салу сынды ұсыныс-тілектерін де айтты.
Аудан әкімі Ж.Асантаевтың аудан тұрғындарымен өткізген есепті кездесуде сөз алған тұрғындар ауыз су мәселесі, ауылішілік жолдар, білім беру ошақтарының күрделі жөндеуден өту, жанармай бекетін салу және қазіргі таңдағы баға тұрақтылығы жөнінде ұсыныс пікірлерін айтып өткен жылғы атқарған жұмыстарына оң баға беріп, ризашылықтарын білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Рахметоллаұлының Қаратөбе ауданына жасаған сапары барысында облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, сондай-ақ бірқатар басқарма басшылары бірге жүрді.
Есептік кездесуден соң облыс әкімінің орынбасары Серік Рахметоллаұлы тұрғындарға жеке қабылдау жүргізді.