


Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев іссапар барысында жеке кәсіп иелерінің және «Жастар жылы» бойынша жастардың жыл бойы атқарған жұмыстарымен танысты.
«Феруза» ЖК жетекшісі Адина Сарбупина Орал-Ақтөбе тас жолының бойында орналасқан «Ақ жол» автокемпингінің жұмыс барысымен таныстырды.
– Күре жолдың бойынан орын тепкен кемпингке жергілікті жұмысшылардан 7 адамды жұмыспен қамтып отырмыз және жұмысшылардың орташа жалақы мөлшері 60-70 мың теңге көлемінде. Ендігі жоспар ағымдағы жылда автокөліктер үшін кемпинг жанынан жанармай бекетін салу,- дейді кәсіпкер Адина Егізбайқызы.
«Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Ізімұлы мал бордақылау кешенімен таныстырып, енді аудан тұрғындары қалаға бармай-ақ, осы кешеннен қызмет түрлерін алуға болатынын айтты. Және де аталмыш қожалық асыл тұқымды ангус және қазақтың ақ бас сиырын өсіреді.
- Алдағы уақытта мал сою цехының жұмысын әлі де ширата түсеміз. Мал бордақылау алаңын саламыз. Шараушылық аясын кеңейтіп, мал бордақылауға қатысты қажетті мал азығын дайындау мақсатында құнарлы екпе шөптерді өсіріп, ол жерді жекелердің малынан сақтау үшін қоршау орнату жұмыстары жоспарымызда бар,- деп егін егу шаруашылығы үшін су қоймасы қажет екенін жеткізді.
«Nazelproduct» ЖШС алкогольсіз сусын шығару зауыты наурыз айында халық қолданысына беріледі. Аталмыш сусын зауыты 15 адамды жұмыспен қамтымақ. «Nazelproduct» ЖШС жөнінде Сержан Ашығалиев түсінік беріп, нысан тек қана аудан, облыс көлемін ғана емес басқа қалаларды да қамтуды көздеп отырғандарын айтты.
Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұрберген Жоламанов «Жастар жылында» жүзеге асқан шараларды, соның бірі жастардың бастамасымен апатты жағдайдағы үйде тұрып келген Талшын әжейге баспана кілті тапсырылғандығын атап өтті.
Сонымен қатар Серік Рахметоллаұлы облыс бойынша ең көп грантқа ие болған ауданның бірі Қаратөбе ауданындағы «ZhasProject» және «Бастау Бизнес» бағдарламалары арқылы кәсіп бастаған бірнеше жеке кәсіпкермен жүздесіп, жұмыстарымен танысты.