Ауданда педагог кадрларға қажеттілік әлі де бар

Ауданда педагог кадрларға қажеттілік әлі де бар

Бүгін аудан әкімі Жанат Асантаев Қаратөбе ауылдық округ тұрғындары алдында 2019 жылғы атқарылған жұмыстары жөнінде жылдық есеп берді.
​Күн тәртібіне ұсынылған мәселе бойынша алдымен Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Айдос Әмірғалиев округ бойынша 2019 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады.
​ - Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға жергілікті бюджеттен 34млн. 937 мың тг қаралып, игерілді. Оның ішінде Қаратөбе ауылындағы тұрмыстық қатты қалдықтар төгетін орын аумағын тазалау үшін 2 млн теңге, аталған орынды қоршау үшін 2 млн. 400 мың теңгеге «Бақыт жолдары» ЖШС арасында келісім шарт жасалып жұмыстар аяқталды. Бұл шаралар алдағы уақытта ауыл тазалығын қамтамасыз етіп, қоршаған ортаны күтіп ұстауға өз ықпалын тигізеді деген сенімдеміз. Сондай-ақ Қаратөбе ауылы Құрманғазы көшесіне (Мұхит көшесі қиылысынан Мешітке дейін) 491шаршы метр, С.Датұлы көшесіне 1120 шаршы метр жаяу жүргінші жолы төселді. Бұл жұмыстарға 14 млн. 713 мың теңге қаражат жұмсалды. Округтегі көшелерді жарықтандыруға 15 млн. 511 теңге игерілген. Есептік кезеңде Шөптікөл ауылы Әубәкіров көшесіне, Қаратөбе ауылы Алтынсарин, Әубәкіров көшелеріне жарық шамдары қойылды. Айтқожин және Тоққожин көшесіндегі көше шамдары үнемдегіш шамдарға ауыстырылды. Тазалық айлығы жарияланғаннан бері өткізілген сенбілікке 1448 адам және 12 әр түрлі техникалар қатысты. Арнайы белгіленген қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін орынға 2310 тонна күл-қоқыс шығарылды,- дейді ауылдық округ әкімі Айдос Орынбайұлы.
​Округ әкімі Айдос Орынбайұлы білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды.
​Қаратөбе ауылдық округ тұрғындары алдында есеп бере келген аудан әкімі Жанат Асылханұлы 2019 жылғы аудан көлемінде атқарылған ауқымды істерді баяндап, 2020 жылғы жоспарымен бөлісті.
- Ауданда болашақ ұрпаққа заман талабына сай білім беруге, оларға ұлағатты тәрбие беруге ерекше көңіл бөлініп келеді. Өзіңізге мәлім, ауданымыздың облыс деңгейінде білім саласы қазіргі таңда жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – осы деңгейді төмен түсірмей, алдағы оқу жылдарында да жақсы нәтижелерге қол жеткізу.
Өткен жылы оқушы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданымыздағы барлық білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйесімен толықтай қамтыдық.
Сонымен қатар өткен жылдың аяғында ауданымыздағы 12 мектеп «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында талшықты оптикалық байланыс желісіне қосылды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытында 2019 жылдың желтоқсан айында пилоттық жоба ретінде Қаратөбе мектеп-гимназиясына «Smart school» интеллектуалды ақпарат жүйесі орнатылды. Жүйеде оқушылар мен қызметкерлерге, мектепке келушілерге ақпарат беретін ақпараттық киоск орналасқан. Мектеп қызметкерлері мен оқушылар өздеріне берілген карта арқылы хабарландыру мен ақпараттарды біліп отырады және модульдерде орналасқан қызметтерді қолдана алады. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында турникет арқылы мектепке кіргенде немесе шыққанда ата-анасының ұялы телефонына хабарлама түседі. «Smart school» интеллектуалды ақпарат жүйесін алдағы уақытта барлық мектептерге орнататын боламыз.
Аудан бойынша педагог кадрларға қажеттілік әлі де бар. Атап айтатын болсам, математика (5 маман Қалдығайты ЖОББМ, Аманшин атындағы ЖОББМ, Төлен НОМ, Ханкөл ЖОББМ, Қаракөл ЖОББМ), орыс тілі (2 маман Егіндікөл ЖОББМ, Б.Аманшин атындағы ЖОББМ), физика пәні (2 маман Егіндікөл ЖОББМ, Алакөл ЖОББМ), ағылшын тілі (2 маман Төлен НОМ, Жамбыл ЖОББМБК), музыка (4 маман Егіндікөл, Қаракөл, Б.Қаратаев атындағы ЖОББМ, Жамбыл ЖОББМБК) пәндері бойынша қажет.
Осы кадр мәселесін шешу үшін аудандық білім беру бөлімінің басшысы жоғары білім беру ұйымдарының студенттермен кездесу өткізді. Кездесуде мемлекет тарапынан жас мамандарға қолдау болатындығын түсіндіре отырып, жас мамандарды ауылдық елді мекендерде жұмыс жасауға шақырды. Алайда, осы мәселені бүгінгі таңда аудан бойынша зейнеткер педагогтарға арнайы ұсыныс білдіре отырып, уақытша мәселені шешіп отырмыз,- дейді аудан басшысы.