
6 тамыз күні Қаратөбеде ауданның денсаулық сақтау саласының ұйымдастыруымен облыстық медицина қызметкерлері арасында аудандық аурухананың хирургия бөлімінің мейіргері болып қызмет жасаған Асан Елемесұлын еске алу турнирі өтті.
Турнирге Жаңақала, Жалпақтал, Ратофарм, №5 қалалық емхана, облыстық фтизио-пулманология және аудандық орталық аурухананың командалары қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан турнир ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, командаларға сәттілік тіледі.
Салтанатты шарада аудандық аурухананың бас дәрігері Венера Елеусінова сөз сөйлеп, кезінде Асанмен бірге футбол командасында ойын көрсеткен әріптестерінің еске алу турнирін өткізу туралы ұсынысына сай ұжым болып бастама көтеріп, жарысты ұйымдастырғандығын айтты.
Асан Елемесұлының анасы Назекеш Қылышбаева облыс бойынша денсаулық сақтау қызметкерлері арасында турнир өткізіп, ұлын еске алып жатқан аудандық аурухананың ұжымына үлкен ризашылығын білдіріп, жарысқа қатысушы командаларға ақ жол тіледі.