
28 шілде күні Аққозы ауылдық округіне қарасты «Бесоба» ауылының мәдениет үйінде ауылдық округ әкімі Қоныс Мұқанов Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылдың 3 наурыздағы Жарлығына сәйкес елді мекен тұрғындарымен кездесу барысында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында округте атқарылған жұмыстарға және алда атқарылатын міндет-мақсаттарға тоқталды.
– 2021 жылды жақсы нәтижемен аяқтадық. Жыл басында биылғы жылдың бюджеті бекітіліп, жоспарға сай біраз жұмыстар жүргізілді. Округ бойынша қыстақ біркелкі жақсы өтті. Қаңтар айындағы есеп беру жиналысында көтерілген көше шамдарына қатысты айтылған мәселе бойынша «Нұрқанат» шаруа қожалығы жұмыстанып, округ орталығында көше шамдарының орнатылғаны баршаңызға белгілі.
Ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген тағы бір өзекті мәселе бұралқы иттердің көбеюіне байланысты мамыр айының 26-27 күндері аудандық ветеринариялық станциясының мамандары келіп жұмыстанды.
1 шілдедегі есеп бойынша округте мал басы саны: ірі қара-4534 бас, қой мен ешкі -13610 бас, жылқы - 2014, түйе – 12 бас болып отыр.
Округ бойынша мал азығын дайындау жұмыстары басталды. Оған 33 трактор, 60 орақ шығарылды. Шөп бумасының бір данасы 3000 теңгеден ауыл халқына сатылуда. Бұл аудан бойынша ең төмен баға, - деді округ әкімі Қоныс Ізімұлы.
Есеп беру жиынында учаскелік полиция инспекторы Ерболат Қадыр сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын әлеуметік желілердегі алаяқтардан сақ болуды, мал бағымына үлкен бөлу қажеттігін назарға салды.
Ауыл тұрғындары ауылда ең өзекті болып отырған таза ауызсумен қамту, көше шамдарын орнату, жарықтың өшпеуі, ұялы байланыс орнату, малға анықтама алу сынды өткір мәселер төңірегінде өзара ой бөлісті.
Жиналысқа қатысқан аудан әкімдігі аппаратының басшысы Азамат Карменов ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді.
– Ауылда ең өзекті болып отырған ауызсу мәселесі бойынша қазіргі таңда аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен Бесоба ауылына таза су тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақталғанын және қазіргі таңда аталған жобаны мемлекеттік сараптамаға жолдау үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатырғанын атап өтті.
Сонымен қатар ауыл халқының тұрақтауына бірден-бір себеп болып отырған ауыл мектебін сақтап қалу – басты мақсат. Биыл ауылдағы бастауыш мектепте бала саны жеткілікті, жаңа оқу жылында жұмысын жалғастырады деп отырсыздар. Бұл ауыл тұрғындары үшін қуанышты жағдай,- деді Азамат Ғабдрашитұлы.
"Қаратөбе өңірі" газеті