Жусандыойлықтар ауыз су қызығын көрмек

Жусандыойлықтар ауыз су қызығын көрмек

22 қаңтарда аудан әкімі Жанат Асантаев жыл сайынғы дәстүрге айналған есеп беру жиынын Жусандыой ауылдық округінде өткізді.
Жусандыой халқының алдында есеп беру жиыны барысында аудан әкімі Жанат Асантаев жыл ішінде атқарылған жұмыстармен қатар қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, жан-жақты баяндады.
Аудан басшысы өз сөзінде шағын кәсіпкерлік саласы маңызды сала екендігіне тоқталып:
– 2019 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 839 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелді, бұл 2018 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 127 % құрайды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша, 254 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.«АШҚҚ Қоры» арқылы ауданымызда 77 адам 217,2 млн. теңге көлемінде, «АКК» АҚ арқылы 9 адам 35 млн. теңге көлемінде, барлығы 86 адамға 252,2 млн. теңге несие берілді.
182 жұмыссыз адамға 81,8 млн. теңге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант берілді. Мемлекеттік грант алған 182 адамның 105-сі жас кәсіпкерлер, 10-ы көп балалы отбасы мүшесі, 30-ы АӘК алатын отбасыдан, 3-еуі еңбекке қабілетті мүгедек, 34-і жұмыссыз азаматтар, - деді.
Жиында есепті кезең бойынша Жусандыой округінің әлеуметтік жағдайын баяндаған Талап Қазиев атқарылған шаруаларды тізбектеп өтті.
Округ әкімі өз сөзінде:
– 2019 жылы Жусандыой ауылының бас жоспары жасақталды бас жоспарды жобалаушы «ИК Тех проект» ЖШС жүргізді.
Жол мәселесіне келетін болсақ 2019 жылы Қаратөбе-Жусандой-Ханкөл ауылдарын байланыстыратын автокөлік жолдары қыс мезгілінде қардан тазартылып, жол қатынасы үзілген жоқ. Жаз айларында жоспарлы жолды қыру тегістеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы қыс айларындада жол қатынасының үзілмеуіне аудандық тиісті мекемелерден көмек сұраймыз.
Ауыз су мәселесіне келетін болсақ Ханкөл ауылы толықтай «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде таза су құбыры тартылып, халық игілігін көруде. Жусандыой ауылына ауылішілік ауыз су жүйесін жүргізу жұмыстарын «Сәт-Сервис» ЖШС бастап 2020 жылы аяқталады деп күтілуде.
Газ қосу мәселесі бойынша округ бойынша барлық әлеуметтік нысандар толықтай газ жүйесіне қосылған. Қазіргі таңдағы жағдай бойынша Жусандыой ауылы бойынша 107 тұрғын үй, 2 дүкен, 4 мекеме барлығы 113 нүкте тұрақты газ пайдалануда. Ханкөл ауылы бойынша 67үй, 3 мекеме барлығы 70 нүкте, жалпы округ бойынша 183 нүкте газ жүйесіне қосылған, - дей келе, алдағы атқарылар жұмыстардың да аз емес екендігіне тоқталды.
Есепті кездесу жиынында сөз сөйлеген Ханкөл ауылының тұрғыны Ғабдырахман Бисеғұлов пен Жусандыой ауылының ақсақалы Болатжан Бекмағамбетов округте атқарылып жатырған жұмыстарға риза екендіктерін жеткізіп, аудан, ауылдық округ әкімінің есебіне оң көзқарасын білдірді.