Сулыкөлде атқарылған шаруалар аз емес

Сулыкөлде атқарылған шаруалар аз емес

Бүгін Сулыкөл ауылдық округінде аудан әкімі Жанат Асантаев пен аталған ауылдық округ әкімі Берікқали Мусаның тұрғындар алдындағы есеп беру жиыны өтті. Жиынға ауыл тұрғындары мен бірқатар мекеме және бөлім басшылары қатысты.
Есептік жиында Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы баяндады.
Әлеуметтік қамтамасыз ету және жұмыспен қамту саласында Сулыкөл округінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 8 адам оқыған. Осы азаматтардан 2 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 5 адам грант алып өз істерін бастады. Есепті кезеңде округтегі шаруа қожалықтарына 21 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Былтырғы жылы 20 жеке кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 20 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар «Бизнес бастау» жобасы аясында 11 жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді курстарда оқытылып, қазіргі таңда 14 адам 6020000 теңге грант алып, өз кәсіптерін ашып жұмыстануда.
Сөзін әрі жалғаған Берікқали Жақсылықұлы:
– Ауылымызды көркейту және абаттандыру жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы 300 түп жидек ағашы әкелініп, жол жиегіне егілді.
Үшана ауылы көшесін жарықтандыру үшін 10 фонар, Төлен ауылына 6 фонар қондырылып жарықтандырылды. Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру мақсатында биылғы жылы Сулыкөл ауылында орталық саябаққа 670 шаршы метрге өрнекті тастан жол салу және су құбырын тарту жұмыстары 3624000 теңгеге жасалып, пайдалануға берілді. Елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 286 мың теңге қаралып, Сулыкөл ауылы полигонын тазалау жұмыстары жүргізілді, - деді.
Тұрғындар алдында сөз алған аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның барлық саласының әлеуметтік даму көрсеткішіне тоқталып өтті.
– Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы «Ауылшаруашылық жерлерін ұтымды әрі тиімді пайдалануымыз керек және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару қажет» деп атап өткен болатын. Осы орайда биылғы жылы мақсатты пайдаланбаған 21 шаруа қожалығының 17,7 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылды. 2019 жылдың қыркүйек және қараша айында өткен жер конкурсының қорытындысы бойынша 23 шаруа қожалығына 16550 га, 2 ЖШС-не 3600 га, 1 АШӨК 500 га жер телімі және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында «KazMeatIndustry» ЖШС-не 25 000 гектар жер учаскесі берілді, - деп шаруа қожалығы бар азаматтарға жерді тиімді пайдалануға кеңес берді.
Есепті кездесу барысында сөз сөзйлеген аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Меңдешов ауыл тұрғындарын жалқаулық, жатыпішерлік сынды жат қылықтардан ада болып ел үшін игілікті істер атқаруға шақырды. Үшана, Төлен елді мекендерінің ауылдық клуб ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілсе деген тілегін жеткізген Нұрлан Құмарұлы аудан, округ әкімдерінің жыл ішінде атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.
Ал, жобалық сметалық құжаты дайын тұрған Қалдығайты орта мектебі күрделі жөндеуден өтсе, ауыл шетіндегі су мұнарасы жаңартылса, аудан орталығына қатынайтын жол салынса, білім беру саласына жас мамандар көбірек тартылып, ауылға жастар тұрақтаса деген ұсыныс-тілектерін жеткізген ауыл ақсақалдары Жеңісқали Қуанышкереев пен Бітімәлі Құрманәлиевтер мал ұрлығының азаймай тұрғандығына алаңдаушылық білдірді. Тұрғындар өтінішін мұқият тыңдаған аудан басшысы толымды жауап қайтарып, туындаған мәселелердің маңыздылығына қарай біртіндеп шешімін табатындығын жеткізді.
Есептік жиналыстан кейін аудан әкімі округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.