

Қаңтардың 21-і күні Аққозы ауылдық округінде аудан әкімі Жанат Асантаев пен округ әкімі Қоныс Мұқановтың өткен жылда атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды.
Аудан әкімі Жанат Асантаев жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, өткен есепті кезеңде тұрғындар тарапынан қойылған мәселелердің орындалу туралы айтты.
Өткен жылда барлық салалар бойынша ауданда атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
– 2019 жылы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бірқатар істер жүзеге асырылды. Аудан бюджеті жыл басына 3 миллиард 702 миллион 391 мың теңгемен бекітіліп, жыл ішінде 4 миллиард 442 миллион 745 мың теңге болып нақтыланды. Аудан бюджетінің шығыс бөлігі есептік кезеңде 98,9%-ға, бюджеттік түсімдер 100,5% орындалды.
2019 жылдың 1 желтоқсанына өнеркәсіп өнімінің көлемі 436,5 млн. теңгені құрады.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы халық өмірінің түрлі салаларын цифрландыру туралы берілген тапсырмасына сәйкес, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру шеңберінде маусым-тамыз айларында барлық ауылдық округтерде халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту курстары ұйымдастырылды. Айтулы курстан 410 адам өтті. Цифрландырудың тағы бір бағыты – мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды түрде көрсету үлесін арттыру. Осы бағытта жер таңдау актісі ақпараттық жүйесі іске қосылды. Аудан бойынша электронды көрсетілетін қызметтердің үлесі 79 пайызды құрап отыр.
Ауыл әкімі Қоныс Ізімұлының айтуына қарағанда жалпы округ бойынша 31 кәсіпкер тіркеліп, оның екеуі адам тасымалы, үшеуі азық-түлік тасумен айналысуда, мал басы санын өсірумен айналысып отырған 18 шаруа қожалығы бар, қалған 8 –і басқа малдану бағытында несие алу үшін жеке кәсіпкерлік құрған.
– Қазіргі таңда округ бойынша мал басы - ірі қара - 3528 бас, қой мен ешкі 7096 бас, жылқы 1264 басты құрап отыр.
15 шаруа қожалығы 53 млн 647мың теңге Үкіметтің қолдау қаражатын алды. Асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 2 шаруашылық, асыл тұқымды қоймен бір шаруашылық, жылқыға асыл тұқымды айғыр қосып жұмыс жасап отырған бір шаруашылық бар. Олар өзге шаруа қожалықтарымен бірге аудан округтеріне асыл тұқымды мал сатып келеді. «Сатыбалды» және «Ермек» шаруа қожалығы сыбаға бағдарламасынан қаржы алып 200-ге басқа жуық ангус тұқымды ірі қара малын сатып алды.
Мал басының өсуінің кепілі жұқпалы аурулардың алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты қалыптастыру, бұл жұмыстармен аудандық «Ветеринариялық станция» мамандары жоспарлы жұмыс жасап, дамылсыз еңбек етуде. 4264 бас ірі сібір жарасына, 11427 қой, ешкі топалаңға, 600 жылқы жамандатқа егіліп аурудың алдын алса, 3764 бас ірі қара бруцеллезге, 11000 бас қой, ешкі бруцеллезге зерттелді. Осыдан бруцеллезге анықталған 231 ба ірі қара малының 5- бас қой барлығыда етке тапсырылып жойылды, -дейді ауыл әкімі Қ.Мұқанов.
Есепті жиында округтегі жастар жетекшісі Дания Айшуаққызы сөйлеп, өткен жастар жылына байланысты округте жүргізілген жұмыстарды баяндап, әкімдердің есепті кезеңдегі жұмыстарын жақсы бағалады.
«Басты байлық – денсаулық» демекші ауыл тұрғыны Ақжан Сағиқызы округке дәрігер және жедел жәрдем көлігі керектігін айтып, ауыл халқы атынан көмек сұрап, аудан әкімі Ж.Асантаев пен ауыл әкімі Қ.Мұқановтың жылдық есептері бойынша атқарған жұмыстарына оң баға берді.
Жиналыстан кейін аудан әкімі ауыл тұрғындарын қабылдады.