


Қаңтар айының 21-і күні аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның оңтүстігіндегі Саралжын ауылдық округінде болып, өткен 2019 жылы ауданда атқарылған жұмыстар турасында ауыл тұрғындары алдында есеп берді.
Есепті жиында аудан басшысы Жанат Асылханұлы, ауыл әкімі Жасұлан Махсотұлының хабарламалары тыңдалды.
Жиында аудан басшысы өткен жыл ішінде салалар бойынша атқарылған ауқымды жұмыстар мен тұрғындар тарапынан түскен өтініш-тілектердің орындалуы туралы баяндады.
Өткен жылғы есепті жиында айтылған тұрғындар өтінішінің ішіндегі ең өзектісі округтегі Сәуле ауылына таза ауыз су тарту мәселесінің алдағы уақыттарда шешілетіндігін айтып, әзірге аудан орталығынан көлікпен су тасымалданып жеткізілетіндігін жеткізді. Енді барлық округтерге жалпыға бірдей өзекті мәселе болып келе жатырған жол қатынасына байланысты жолдардың айына екі рет қырылып тұратындығын айтып, оған бюджеттен арнайы қаражат қаралып, жұмыс жүргізу тәртібінің қадағаланып отырылатын айтты.
– Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі»атты халыққа жолдауына сәйкес еліміздің әлеуметтiк-экономикалық дамуының өзектi мәселелерiн шешуге, халықтың әл-ауқатын одан әрi арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру– біздің басты міндетіміз.
Қазақстанның әл-ауқатының артуы халықаралық беделінің артуына және оның аймақтағы геосаяси рөлінің күшеюіне қол жеткізеді. Экономиканы өркендетудің негізі саналатын шағын және орта бизнес нығайып келеді. Еліміздің орнықты дамуы халқымыздың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыруға деген зор сенім ұялатады.
Өткен жылда ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауданның білім саласында көптеген игі істер атқарылғаны өздеріңізге мәлім. Өткен жыл аудан спорты үшін жетістік жылы болды.
Ауылшаруашылығында да едәуір ілгерілеушілік бар. Төрт түлік бойынша мал басы саны өткен жылмен салыстырылмалы түрде қарағанда едәуір өскен. Жалпы мал өнімнің көлемі артып отыр.
Үстіміздегі жылдың «Еріктілер» жылы деп жариялануына байланысты аудан жастарын еріктілер қатарында белсене жұмыс жүргізуге шақырамын, - деді аудан басшысы Жанат Асылханұлы.
Мұхит елінде өткен есепті жиында ауылдың 11 тұрғыны өтініш -тілектерін айтты. Олардың дені жұмыс сұраушылар.
Ауыл әкімі Жасұлан Ермеғали балабақшада босағалы тұрған аспазшы қызметіне тұруға ауылдың 17 адамы үмітті екенін айтады.
Есепті жиында сөз сөйлеген Саралжын ауылдық округінен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Бекжан Қойшекенов ауданда атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып , аудан әкімі Ж.Асантаев пен ауыл әкімі Ж.Ермеғалиевтің жыл қорытындысына сай жүргізген жұмыстарына оң баға берді.
Округтегі газ саласының маманы Жаңабай Меңдіғалиев салаға қатысты мәселе көгілдір отынға төлем төлеу, қауіпсіздіктің алдын алу турасында әңгіме өрбітті.
Айтулы жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Қуаныш Хитаров, ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Елдос Орынғалиев, бөлім басшылары мен аудандағы мекемелер басшылары қатысты.