Аудан әкімінің есептік кездесулері Егіндікөлден басталды

Аудан әкімінің есептік кездесулері Егіндікөлден басталды

Қаңтар айының 20-сы күні аудан басшысы Жанат Асантаев Егіндікөл ауылдық округінің тұрғындарымен өткен жылды қорытындылап, есеп беру кездесуін өткізді.

Егіндікөл ауылының әкімі Ермек Сайынов пен аудан әкімі Жанат Асантаев тұрғындармен кездесіп, жыл бойы атқарылған жұмыстарды шолып шықты.
Ауыл әкімі Ермек Сайынов баяндамасында:
– Ауыл тұрғындарының жалпы саны 1174 адам, оның 825-і экономикалық белсенді халық, яғни 70%-ды құрайды. Оның ішінде бюджеттік сала мамандары-146, зейнеткерлер-128, оқушылар-133, мүгедек жандар-22 адам болып табылады.
Ауылда 24 шаруа қожалығы тіркелген. Мал шаруашылығына көп көңіл бөлініп, қазіргі таңда малды асылдандыру мақсатында Қызылжар2 өндірістік кооперативі бес бағытта шығатын бағымға асыл тұқымды 320 бас аналық, 11 бас бұқа қосып отыр,- деп атап өтті.
Ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуында шағын және орта кәсіпкерлік саласының тигізетін әсері зор.
2020 жылдың 1 қаңтарына 63 шағын кәсіпкерлік субъектісі (заңды тұлға - 3, шаруа қожалықтары - 24, жеке кәсіпкерлер – 36) тіркелген. (Былтырғы жылы 49 кәсіпкерлік субъектісі тіркелді.). 2018 жылмен салыстырып қарайтын болсақ 28 пайызға өсіп отыр. Аталған кәсіпкерлік субъектілерінде 70 адам жұмыспен қамтылған (Былтырғы жылы 49 адам). Кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай қәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламалары арқылы 26 адам грант ұтып алып, атаулы көмек алушы 20 адам адам 505 мың, 10 адам 252 мың теңге алған.
Ағымдағы жылы Ж.Жабаев және Мәңгілік Ел көшелерін жарықтандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңын, шағын наубайхана және халыққа қызмет көрсету орындарын ашу да осы жылға жоспарланған.
Аудан басшысы тұрғындарға:
– 2019 жылы ауданымызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру бағытында Қаратөбе ауданы әкімдігі, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, "Мұxит жастары" ЖҚБ, "Ізгілік" ҚБ және аудандық «Руxани жаңғыру» кеңсесінің ұйымдастыруымен «Тарихқа аты мәлім Қаратөбе» атты республикалық экспедициясы өткізілді. Екі күнге созылған экспедиция барысында Қаракөл ауылдық округіндегі Едіге Ишан бабамыздың, Жусандыой ауылдық округіндегі Қаратау би кесенесі, Қоске әулие Ишандар қорымы, Жігерлен ауылындағы Дауқара батыр, Бармақ батыр мазарында болды.
Сонымен қатар, Егіндікөл ауылындағы табиғаты тылсым сырларға толы Аққұм қорығы, Егіндікөл бұлағы, Құныскерей үңгірінде болып, тарихымен танысып, бірқатар ұсыныстар айтылды. Солардың бірі ауданымызда тарихи жерлермен туристтік маршрут құру, Құныскерей үңгір айналасын абаттандыру. Бұл жұмыстарды іске асыруы алдағы уақытта қаралатын болады,-деді.
Өткен жылы «Жастар жылы» болып бекітілгені белгілі, соған орай ауыл жастарының да белсенділігі жоғары. Жастар жетекшісі Бейімбет Жамбылұлы ауыл жастарының атынан сөз сөйлеп, аудан басшысына көкейкесті сауалдарын жолдады.
Жиын соңында аудан әкімі Жанат Асылханұлы тұрғындарды жеке қабылдап, кәсіпкерлермен жүздесіп, жұмыстарымен танысты.