

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева мен Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Ысқақова Қаратөбе ауданына іссапармен келді.
Жиында алғашқы боп сөз алған аудан басшысы Жанат Асылханұлы облыс орталығынан келген өкілдерді таныстырып, қонақтарына сөз кезегін берді.
Бибігүл Тишанқызы қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан атаулы әлеуметтік тағайындау мәселесі туралы ауыл әкімдері мен арнаулы қызметкерлерге кең көлемде мағлұмат берілді. Қандай жағдайларда атаулы әлеуметтік көмек көрсетілмейтінін заңдық тұрғыда айтып түсіндірді. Өкілдер халыққа дұрыс ақпарат беру керек және әрбір мамандар әр құжатқа салғырт қарамауы тиіс және заң бойынша сауатты болу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар басқа өңірлерде аталмыш жұмыстың кемшін тұстарын тілге тиек етті.
– Қазіргі таңда аталмыш көмекті алу үшін қорасындағы малын басқа адамның атына тіркеп жатқан немесе осы жағдай үшін жұмыстан шығып, т.б. көптеген құйтұрқы амалдарға барып жатқан адамдар көп, сол себепті комиссия құрамы өте мұқият жұмыстанып, шикіліктерге жол бермеуі тиіс. Ал көмекке мұқтаж жандарға қолдан келгенше қол ұшын беріп, аяққа тұрып, жағдайының көтерілуіне мүмкіндік жасау қажет, - дейді облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Ділдаш Салауатқызы мін түзелмей сын түзелмейтінін еске салып:
- Қарапайым халықты әбігерге салғызып, жүгіртуді тыю қажеттігін және де жеке тұлға туралы бүкіл мәлімет базада орналасқанын жеткізді. Тағы бір айта кетерлігі мемлекет жағдайы төмен жанұяларға тек қаржылай ғана емес әр түрлі салада көмек беріп отыр. Мысалға, ыстық тамақпен қамту, киім-кешек немесе мүмкіндігі шектеулі балаларға дәрі-дәрмек пен қоларбалар алып беру, жазғы лагерлерге жолдама беру арқылы қарасып отыр. Осы аталған көмектерді халыққа айтып түсіндіру керек. Өйткені қарапайым халыққа түсінік жұмыстары әлі жетіспейді,- деп, әлеуметтік сала қызметкерлеріне және округ әкімдеріне түсінік жұмыстарын қолға алуға баса мән берді.
Жиында ауыл әкімдері өздері басқарып отырған аймақтағы күрмеулі мәселелерге қатысты сауалдарын жолдап, облыстан келген өкілдерден ұтымды жауап ала білді.