Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы бойынша жиын өтті

Төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы бойынша жиын өтті

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Қосманұлы Ахметжановтың қатысуымен жиын өтті.

Жиын барысында өткен жыл бойынша атқарылған жұмыс нәтижелері сараланды. Қаратөбе аудандық ТЖБ-нің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Искаков жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, елді-мекендерде орын алған өрт оқиғаларының шығу себептерін атап өтті. Ақылбек Ахметжанов өз кезегінде алдын-алу шараларын күшейту және мектепте сақтық жүмыстарын қатаңдату туралы тілге тиек етті.
№18 Өрт сөндіру бекетінің бастығы Ақболат Таскинов Ақылбек Қосманұлына өрт сөндіру машиналары керек екенін және жеке құрамды арнайы киіммен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Басқосуда аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Махамбет Қажыгереев көптің көкейінде жүрген дала өрті туралы сөз қозғап, облыстан келген маманнан көңілге қонымды жауап алды. Аудан басшысы Жанат Асантаев: - Төтенше жағдайлар бөлімінің мекемесін ауыстыру керек және қасақана өртеген адамдарды жазалап, шара қолданылуы тиіс. Сонда өзгелерге де сабақ болады, - деді.
Жиын соңында БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник Ақылбек Қосманұлы жауапты мекемелерді техникамен жабдықтау және басқа да мәселелер алдағы уақытта оң шешімін табатынын жеткізді. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар комитетінің Көкшетау техникалық институтына оқушыларды тарту мәселесін де атап өтті.