Аудан әкімінің қабылдауы

Аудан әкімінің қабылдауы

Бүгін Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында тұрғындарға қабылдау жүргізді.

Қабылдауға Қаратөбе ауылының тұрғыны Нұрсұлу Оразғалиева екінші топ мүгедегі болып табылатын ұлын баспана кезегіне қою мәселесімен келді.
Нұрсұлу Тұрсынқызының өзі де тұрғын үйінің апатты жағдайда деп танылуына байланысты аудан әкімдігінде тұрғын үй кезегіне 17-ші болып тіркеліп тұрған көрінеді. Апатты жағдайдағы үйде екінші топ мүгедектігі бар ұлын бағып отырғандығын, тұрғылықты баспанасының көгілдір отынға қосылмағандығын, үйін жылытатын отынының да азайғанын тілге тиек етіп, жағдайын түсіндірді.
Ендігі кезекте баласының баспана кезегіне тұру шаруасын мұқият тыңдаған аудан басшысы Жанат Асылханұлы барлық заңдылықтарды сақтай отырып үй кезегіне тұруға құжаттар жинауға кеңес берді. Ауыл тұрғынының мәселесі бойынша заңдық тұрғыдан қолдан келген көмектерді жасауға тиісті мекеме басшыларына тапсырма берді.