



ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов, Снежанна Имашева Қаратөбе ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан активімен кездесті. Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында өткен басқосуда халықтың әлуетін көтеруге арналған мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы мен Заңнамадағы өзгерістер әңгіме өзегіне айналды.
Халық қалаулыларының аудан активімен кездесу жиынына төрағалық еткен аудан әкімі Жанат Асылханұлы меймандарды таныстырып, оларға сөз кезегін ұсынды.
Жиында алғаш сөз сөйлеген Аманжан Жамалов Мәжіліс депутаттары елдің барлық өңірлерін аралап, халықтың тұрмысымен танысып, олардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асу сапарларының басты мақсаты екендігіне тоқталды.
Кезегінде сөз алған Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева «Атаулы әлеуметтік көмек төлеу туралы» Заңын егжей-тегжейлі түсіндіріп, көп балалы отбасыларға берілетін жеңілдіктерге тоқталды. Сонымен қатар әлеуметтік салаға қатысты заңнамаларға тоқталған халық қалаулысы мұғалімдердің мәртебесі туралы заңдағы жаңашылдықтарға, биылдан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік мидициналық сақтандыру жөніндегі және қылмыстық заңнамаларға енген өзгерістер туралы атап өтті. Әсіресе, педофильдерге, мал ұрлағандарға, мас күйінде көлік құралын басқарғандарға жазаның күшейгендігін баяндап берді.
Актив жиналысында мәжілісмендерге ой-пікірлерін білдірген аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Меңдешов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, аудандық әйелдер кеңесінің мүшесі Сағима Далабаева атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудағы мәселелер, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы, көп балалы аналардың зейнет жасының ұзақтығы мен зейнетақы мөлшерлері аз екендігін тілге тиек етті.
Мәжіліс депутаттарымен кездесуді қорытындылаған аудан әкімі Жанат Асантаев халық қалаулыларының ауданымызға келіп жергілікті халықпен кездескедіктері үшін алғысын білдірді.