



Бүгін Қаратөбе ауданында «Жыл қорытындысы – 2019» атауымен жылдың үздік спортшыларын, жаттықтырушыларды және спорт әдіскерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шарада алдымен ағымдағы жылы ауданымыздың намысын абыроймен қорғап, мәртебесін асқақтатуға қажырлы еңбек сіңірген жаттықтырушылардың, спорт әдіскерлерінің және жас спортшылардың есімдері мақтанышпен аталып, олардың жетістіктері сараланды.
Жыл қорытындысы бойынша үздік спортшыларды марапаттау рәсімінің алғашқы құттықтау сөз құрметі ұсынылған аудан әкімі Жанат Асантаев бойындағы күш-қайраттарын спорт саласына арнап, мамандығының майталманы болып жүрген азаматтарды жетістіктерімен құттықтап, ел мерейін көтеруге үлес қоса берулеріне тілектестігін жеткізді.
Марапаттау рәсімінде сахнаға алдымен облыс, аудан көлемінде өткен жарыстарда ауданымыздың намысын қорғап, жоғары деңгейде нәтижелер көрсетіп жүрген ауданның волейбол құрама командасының ойыншылары шақырылып аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталғандар қатарында футзалдан Батыс Қазақстан облысы чемпионатына қатысу үшін Қаратөбе ауданы командасына қаржылай көмек берген «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі Құсайын Ізімұлы, ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған жарысты жоғары деңгейде өткізуге белсене қолдау көрсеткені үшін Қайырбек Наурызбайұлы, ауданда қол күресі спортын дамытуға үлес қосып, жастарға патриоттық тәрбие беріп жүргені үшін Нұрқат Есенжанұлы, республика, облыс көлемінде өткен жарыстарда ауданымыздың намысын қорғаған Фархат Маратұлы мен Қуаныш Саламатұлы марапатталды.
Жыл қорытындысы бойынша спорт әдіскерлер мен жаттықтырушыларды және бұқаралық спортты дамытуға үлес қосқан бірқатар спортшыларды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалымгерей Қайырғалиев марапаттау рәсімін жүргізді.
Спорт саласының үздіктерін марапаттауға арналған шарада аудандық мәдениет үйінің әншілері патриоттық әндер шырқап, сазды сәлемдерін жолдады.