




Биылғы жыл "Жастар жылы" болып белгіленіп, соның аясында ауданымызда игі істер, нақты қадамдар жасалынып жатыр. Бүгінгі таңда осындай ұстанымды алға қойған аудан жастары, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Мұхит жастары» ЖҚБ, аудандық жастар ресурстық орталығы үйі апатты жағдайда тұрған Мухамедиярова Талшын әжейге баспана сыйлады.
Аудан жастарының, аудан әкімдігінің сондай-ақ жомарт жандардың қолдауының арқасында бой көтерген баспана құрылысы ағымдағы жылдың тамыз айында басталған еді. Араға салған аз уақытта Талшын әжеміз баспанасына қол жеткізді. Айта кету керек кейуана бұған дейін апатты деп танылған баспанада тұрған болатын.
Сән салтанаты келіскен, сәулеті мен дәулеті артқан құтты мекеннің қоныс тойына аудан әкімі Жанат Асантаев арнайы келді.
-Бүгінгі тәуелсіз елдің жастары атымтай жомарт азаматтармен бірлесіп Талшын әжемізге баспана тұрғызып беріп жатыр. Бабаларымыздың асарлату дәстүрін жаңғыртуды көздеген аудан жастарының бұл – алғашқы жобасы.
Жалпы жастарының бірлігі мен игі іске деген құлшынысын бұрыннан білеміз. Осы талабына қанат бітірген биылғы жастар жылында атқарылған іс шыныменен көңілді марқайтарлық.
Жастайынан жағымды іске әуес болған бала есейіп, ержеткенде елдің перзенті боларына сенеміз. Ауыл үшін аянбай жүрген жастардың қайырымдылығын көргенде көңіліміз көкке жетеді. Сондай-ақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қарттарын қадірлеген қоғамымызды қайта жаңғырттық,- деп аудан әкімі Талшын әжейді құттықтап, жаңа баспана кілтін табыстады.
- Қаратөбе ауданы қайырымды тұрғындарының ұйымшылдығының арқасында біткен үй аумағы 48 шаршы метр. Қыстың көзі қырауда тозығы жеткен үйде тұрып келген Талшын әжеге жаңа баспана сыйладық. Жылы ұяға жайғасқанына қайырымды жастарға алғыс білдіруде. Сондай-ақ біздерге қолдау білдірген аудан басшысы Жанат Асылханұлына және аудан әкімінің орынбасарлары Жасұлан Кәрелұлына, Рашит Нәсіпқалиұлына, «Жас проджект» жобасының қатысушыларына, «Жасыл ел» еңбек жасағына, барша қайырымды жандарға алғысымызды білдіреміз,- дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Эльдар Ниязбекұлы.
- Жаңа пәтер – біздің бақытты күндеріміздің бастауы. Барлығы жақсы, баспана осы заманға лайық үлгідегі жоспармен салынған. Үлкенге қол ұшын беруге дайын жастарға, аудан тұрғындарына алғысым шексіз. Енді біз осы үйде тұрамыз. Қатты толқып тұрмын,- дейді Талшын әжей.
Айта кету керек аталған баспана заманауи үлгіде салынған. Сондай-ақ тұрмыстық жабдықтармен қамтылған.