

Желтоқсан айының 10-ы күні аудандық мәслихаттың алтыншы шақырылымдағы кезектен тыс ХХХVI cессиясы өтті.
Аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Оразовтың төрағалығымен өткен кезектен тыс сессияның күн тәртібіне сай аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Нұрмағамбетов «Қаратөбе және Сулыкөл ауылдық округтерінің 2019-2021 жылдарға арналған бюджеттеріне өзгерістер енгізу туралы хабарлама жасады.
Хабарламшы Б.Базарұлы Қаратөбе ауылдық округі бойынша жоспардан тыс екі мемлекеттік қызметкердің біліктілігін арттыру оқу ақысына 344 мың теңге, іс сапар шығындарына 333 мың теңге, сонымен қатар Қаратөбе ауылындағы орталық алаңды жаңа жыл мерекесіне байланысты безендіру жұмыстарына 500 мың теңге бөлінгенін, ауылдық округтерде аутомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағдарламасынан 250 теңге алынып, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бағдарламасына және 2019 жылғы бюджеттің кіріс бөлігіндегі салықтық түсімдер 60 мың теңгеге азайтылып, салықтық емес түсімдерге, ал Сулыкөл ауылдық округі бойынша 2019 жылғы бюджеттің кіріс бөлігіндегі салықтық түсімдер 55 мың теңгеге азайтылып, салықтық емес түсімдерге ауыстырылып отырғандығын айтып, қос округтің бюджетіне енгізілген өзгерістерді бекітуді мәслихат депутаттарының назарына ұсынды.
Аудандық мәслихат депутаты Әмірбек Жәнібеков сөйлеп, сессияның күн тәртібіне байланысты ұсынылған өзгерістерді қолдады. Халық қалаулылары сессияда қаралған мәселелерді бірауыздан мақұлдады.
Сессия жұмысына аудан әкімі Жанат Асантаев, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, мекемелер мен бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.