«Қазақстан Барысы» турнирінің аудандық кезеңі оздырылды

«Қазақстан Барысы» турнирінің аудандық кезеңі оздырылды
27 сәуір күні Қаратөбе ауданында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында «Қазақстан Барысы» турнирінің аудандық кезеңі оздырылды.
Аталмыш турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы палуандарға сәттілік тіледі.
Жарыстың бас төрешісі Жасұлан Ниязов палуандарды жарыс ережесімен таныстырды. Палуандар жеребедегі кезектеріне сай боз кілемде өз өнерлерін көрсетіп,бақтарын сынады.
Ауданның Қаратөбе, Үшағаш, Егіндікөл, Саралжын, Сулыкөл, Жусандыой, Қоскөл, Аққозы ауылдарынан 11 палуан қатысқан атаулы дода тартысты өтті.
Жарыс қорытындысында Сержан Ерлан І орынды жеңіп алды.  Қаратөбе ауылының палуаны Теміржан Көлбаев жүлделі ІІ орынды иеленіп, ІІІ орынға Оралбек Талғатұлы ие болды.
Жарыс жеңіпазы Сержан Ерлан мамыр айында өтетін облыстық турнирге жолдама алды.