Аудан әкімі ақсақалдармен кездесті

Аудан әкімі ақсақалдармен кездесті

Қаратөбе ауданы орталығындағы мешітте «Қариясы бар елдің қазынасы бар» атты тағылымды шара өтті. Ауыл ақсақалдарымен аудан әкімі Жанат Асантаев және аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев жүздесті.

Ауыл ақсақалдары - ауыл-аймақтың жасы үлкен, құрметті адамы. Өмірлік тәлім-тәрбиесін, қазақтың салт-дәстүрлерін үйретуші, үлгі өнеге көрсетуші жандар.
Кейінгі буын жастарды білімге, ізеттілікке, еңбекке, имандылыққа баулып, әрқашан аталы сөз айтып, туыстықты, бірлікті, елдікті сақтау жолындағы насихатшы тұлғалар.
Жиында аудан әкімі Жанат Асантаев Мәуліт айында ауылдың ақсақалдарымен жүздескендігіне ризашылығын білдіріп, аға буынның дендеріне саулық тіледі.
Дастарқан басында жүздескен қариялар салиқалы әңгіме айтып, өзара пікір алмасты. Ауыл тұрғыны Аманжан Әнесов мешіт Алла үйі екендігін айтып, аудандық мешіт жанынан садақа жиын, Ораза айында ауызашар рәсімдерін өткізетін асхана құрылысын салу туралы ұсыныс тастады.
Сонымен қатар зейнеткер Абат Аңшыбай садақадағы әсіресе жаназа намаздарындағы тәртіпсіздіктерді ретке қою керектігі жөнінде өзіндік ойын ортаға салды.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Бәкесұлы асхана құрылысын салу құптарлық іс екендігіне тоқталды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың ауылдан қалаға көшуін тоқтату керектігін де тілге тиек етті.
Рухани бас қосуда аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Әділжан Төлебайұлы қазыналы қарттарға алғыс айтып, мешітте жасалып жатырған игі істерге тоқталды. Сондай-ақ жаназадағы тәртіп, мәйітті жерлеудегі ретсіздіктер, мәйітке сурет қою, басына күмбез орнату, қорымдарды қоршау асыл дінімізде, ата-баба дәстүрінде тыйым салынған амал екендігін түсіндірді.
Бас қосу барысында ауыл ақсақалдары мешітке жиі бас сұғып, жұма намазына қатысып, имам уағыздарын тыңдауға, Алла үйіне бас сұғып тұруға уағдаласты.
Жиын соңында ақсақалдар халықтың, елдің ынтымақ бірлігі мен ауызбіршілігін сұрап, Алладан дұға тілек тіледі.