Мәжіліс депутаты Шалғын халқымен жүздесті

Мәжіліс депутаты Шалғын халқымен жүздесті
Күннің жылып, қардың күрт еруіне байланысты Шилі өзені арнасынан тасып Шалғын ауылын су басқан болатын. Тасқыннан жапа шеккен ауыл халқымен кездесіп қалыптасқан жағдайды білуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар Шалғын ауылында арнайы сапармен болды.
Мәжіліс депутаты әуелі балалардың оқуы ұйымдастырылған ауылдық клубта болып, ауыл мұғалімдерімен және оқушылармен тілдесіп, жағдайларын сұрап, оқу процесінің өтуімен танысты. Мәлік Иманқұлұлына қалыптасқан жағдайды баяндаған аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы ауыл халқының қалыпты өмір сүруіне және балалардың оқу үлгерімінен қалмауы үшін барлық қажетті шаралар жасалып жатырғандығын атап өтті. Қазіргі уақытта ауыл клубында бес сынып кабинеті жасақталып, оқушылар екі аусымда білім алуда. Оларға оқу-құрал мен киім-кешекті облыстық білім басқармасы және аудандық білім беру бөлімі жеткізіп берген.
Одан соң тасқын судан зардап шегіп, шеткі корпусы құлаған мектеп ғимаратында болып, тасқын су кіріп үйлері құлаған тұрғындармен кездескен Мәлік Құлшар жағдайды өзі көріп, тұрғындар тілегін мұқият тыңдады.
Келіп жағдайларын білген Мәжіліс депутатына ауыл халқының атынан ризашылығын білдірген Шалғын ауылының тұрғыны Нұрболат Бақыт табиғи апаттан жапа шеккен ауыл тұрғындарына азық-түліктен, киім-кешектен, дәрі-дәрмектен, қажетті заттардан гуманитарлық көмек көрсетіліп жатырғандығын атап өтті. Қиын сәтте араларынан табылған Мәжіліс депутатына ауыл халқының өтініш-тілектерін ел басқарып отырған басшыларға жеткізуін аманаттады.
 
"Қаратөбе өңірі" газеті