Сессияға аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Карменов және мекемелер мен бөлім басшылары қатысты.
Сессияның күн тәртібіне сай Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қанат Мұқановтың 2021 жылы атқарған жұмысы онлайн байланыс арқылы тыңдалды. Округте жыл ішінде атқарылған жұмыстар бойынша ойын ортаға салған аудандық мәслихаттың депутаты Екпін Тналиев округ әкімінің жұмысына оң баға берді.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, жастарға қолдау көрсету, ақпараттық кеңістік аясында ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталған Нұртас Набиоллаұлы қоғамдық бірлестіктердің жұмыстары туралы айтты. Халық қалаулысы Айгөлек Андирова аудандық ішкі саясат бөлімінде өткен жылда көңіл толтыратындай жұмыстардың жүзеге асырылғанын айтып, алда да біраз жұмыстардың өз деңгейінде атқарылатындығына сенім білдірді.
«Қаратөбе ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов, «Қаратөбе аудандық мәслихаты мен тұрақты комиссияларының 2021 жылы атқарған жұмыстары туралы» аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мендешов хабарлама жасады.
Сессияны қорытындылаған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев 16 наурыздағы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалар мен бірқатар өзгерістер туралы айтты. Президент Жолдауындағы мәслихаттар мен депутаттардың өкілеттіліктерін арттыру турасында әңгімелеп, айтылған мәселелерді үлкен жауапкершілікпен ұйымшылдықпен орындауға шақырды.
"Қаратөбе өңірі" газеті