Ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті

Ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті
22 ақпанда Саралжын ауылдық округінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық ойындарымызды ұлықтау мақсатында аудандық көкпар тарту мен тазылар арасында шырға тарту жарысы өтті.
«Ұлттық спорт – ұлттық рух» атауымен өткен жарыстың ашылу салтанатында Саралжын ауылдық округінің әкімі Самғат Зейнуллин мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин қазақ халқының қанына біткен ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі мен оларды насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысушы көкпаршыларға салымдарының көп болуына тілектестігін жеткізіп, сәттілік тіледі.
Алдымен құмай тазылардың жарысы өтті. Бұл жарыста «Қанжар» атты қаратөбелік Азамат Исаның тазысы І орынды жеңіп алды.
Көкпар сайысы «Ақбақай», «Қандыөзек», «Бірлік», «Сұңқар», «Сәуле» командалары арасында өрбіді. Жүлдеге ие болған командаларға сыйлықтар ұсынылды.
Ойын барысында жекелеген ойыншыларға ауыл азаматтары ақшалай демеушілік көрсетіп, ынталандырып отырды.
Айта кету керек, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға Саралжын ауылдық округінің қожалық жетекшілері мен адам тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілері қаржылай қолдау көрсетті.