Дайындық жұмыстары пысықталды

Дайындық жұмыстары пысықталды
Аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудан әкімі, Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен Қаратөбе ауданының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Аталмыш комиссия отырысында 2022 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мэлс Искаковтың, 2021-2022 жылдардағы қысқы жылыту маусымдарының өтуі туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахиповтың, 2021 жылдың төртінші тоқсанындағы хаттаманың орындалуы туралы аудан әкімі аппаратының бас маманы Дәулет Оразақаевтың хабарламалары тыңдалды.
– Әр сенбі сайын Қаратөбе аудандық ТЖБ-і және №18 ӨСБ-нің қызметкерлерімен аудан тұрғындарына су тасу қауіпінің алдын-алуы мақсатында өз аулаларының қарын шығару, тағы да басқа сақтық шараларын жасау бойынша түсініктер беріліп, жадынамалар таратылуда.
Аудан аумағындағы су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын-алу және салдарын жоюға аудандық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорының, «Бақыт жолдары» ЖШС-нің техникалары жұмылдырылады.
Елді мекен аумағынан еріген қар суын шығару бригадаларын, ғимараттар мен құрылыстардан суды тасып шығару жөніндегі жұмыстары үшін инженерлік техника кезекшілігін құру жоспарланды.
24 аудандық, 14 облыстық су жүру каналдарын тазарту жұмыстары ақпан айында жоспарланды. Қаратөбе ауылында қар суы еріген жағдайда Ы.Алтынсарин, Қ.Жұмалиев, К.Жәңгіров, Мұхит, З.Даулетова және С.Датов көшелері, қазіргі таңда қауіпті жағдайда, - деді Мэлс Тілектесұлы.
Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Б.Муса өткен жылы ауыл ішілік жолдардың асфальтталуына байланысты су басу қаупі бар екендігін айтып, көшелер бойынша құбырларды тазарту жұмыстары туралы баяндады.
Аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы барлық округтер бойынша кезекшілікті ұйымдастыруды, ерікті жасақшылар тобын дайындауды тапсырды. Аудан орталығындағы барлық жол бойындағы шүмектерді тазарту жұмыстарын бастауды, ауыл тұрғындарына түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
 
"Қаратөбе өңірі" газеті