Қаратөбеде «Район центр» сауда кешені ашылды

Қаратөбеде «Район центр» сауда кешені ашылды
Жыл сайын ауданда орта және шағын бизнесті дамыту жобалары жүзеге асып, көптеген азаматтар өз кәсібін ашып тұрғындар алғысына бөленуде. Осы орайда ауданда өз кәсібін ашып отырған жас кәсіпкерлердің бірі Тоқтар Мерекеұлын ерекше атап өтуімізге болады. Бұған дейін Тоқтар Мерекеұлы аудан орталығында «MG» сауда кешенін салып, қазіргі таңда аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде.
Бүгін аудан орталығында «Район центр» сауда кешені аудан тұрғындарына өз есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Меңдешов және бірқатар бөлім басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Жаңадан ашылған сауда орталығының лента қию рәсімін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен жеке кәсіпкер Мереке Шайжанұлы жүргізді.
Лента қию рәсімінен кейін аудан әкімі ғимараттың ішкі жағдайымен танысып, жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлының кәсібіне береке тіледі. Жеке кәсіпкер Тоқтар Мерекеұлының айтуынша:
– Қазіргі таңда бұл орталық тұрғындарды құрылыс материалдарымен және күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен, сондай-ақ көлікке арналған керек-жарақтармен қамтылып отыр. Ғимараттың аумағы 900 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда ғимаратты толық жөңдеуден өткіздік. Негізінен тұтынушыларымыз аудан тұрғындары мен жақын елді мекендердің халқы. Тауардың құнын да халықтың қалтасы көтеретіндей тиімді. Тұтынушылар қалаға барып шығындалмай, аудан орталығында да қажетті заттарын тез әрі оңай табулары үшін тиісті жағдайларды қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда орталығымызда 8 адам қызмет жасайды, - дейді.
Ауданда ашылған сауда кешеніне келуші аудан тұрғындары көп болды. Ауыл тұрғыны Жадыра Елбаева: «Бұл сауда кешені қолжетімді бағада халыққа өз өнімдерін ұсынып отыр. Бұл өте игілікті бастама. Елімізде осындай сауатты, білімді кәсіп иелері көбейе берсін,» деген тілегін жеткізді.
Сонымен қатар, жаңадан ашылған сауда кешенінде құрылыс, автакөлікке қажетті бұйымдарды «Альфа банк» қосымшасы арқылы да бөліп төлеу жағдайлары қарастырылған.