Дүниежүзілік сайлау күні ақпанның алғашқы бейсенбісінде атап өтіледі. Бұл күн 2005 жылы өткен сайлау ұйымдарының конференциясында бекітілген. Атаулы күн биылғы жылы ақпан айының 3-не келіп отыр.
Осыған орай аудандық мәслихаттың кіші залында аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, саяси партия өкілдері және аудандық, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өткізілді.
«Бұл күн азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге және сайлау процестерін жетілдіру проблемасына жұртшылық назарын аудару үшін арналған. Сол сияқты әлемдік демократия процесін нығайтуға, сайлау туралы түсінікті кеңейтуге және сайлаушылардың дауыс беруге қызығушылығын арттыруға бағытталған», - деп атап өтті шараны ашқан аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Қайрқұлұлы.
Аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Құмарұлы ауданымызда өткен сайлаулар қорытындыларына, өту барыстарына тоқталып, қай кезеңде де аудан сайлаушылары белсенділік танытып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып келгендерін айта келе, әлі де болса аудан сайлаушылары, соның ішінде жастар арасында сайлаудың ел дамуындағы маңыздылығын, әр сайлаушының дауысының маңыздылығын насихаттауымыз керек екендігін атап өтті.
Отырыс барысында сөз алған аудандық қоғамдық ұйым жетекшілері М.Қожахметов, Е.Жәнібековтер "Біздер аға буын өкілдері кеңестік кезеңнен бері сайлау процестеріне қатысып келеміз, біздің өңір сайлаушылары белсенділік танытуда. Дейтұрғанмен де біздің қоғамдық ұйымдар тарапынан осы сайлау процесіне қатысу белсенділігіміз айтарлықтай емес екенімізді мойындауымыз керек. " Қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар сайлау науқанына белсенді араласып, өз пікірлерін тиісті орындарға жеткізе білсе, қандай деңгейдегі сайлаудың да ел көңілінен шығатын нәтиже беретінін жеткізді.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Абат Кәрімұлы дөңгелек үстелге қатысушылар арқылы барлық сайлаушыларды атаулы күнмен құттықтап, ел дамуына тікелей ықпалы бар саяси науқанға қоғамды жұмылдыру баршамызаға ортақ іс екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өз ұсыныстарын айтып, сайлау процесін ұйымдастыру саласындағы заңнаманы әлі де жетілдіру жөнінде ұсыныс пікірлерін білдірді.
Қаратөбе аудандық аумақтық сайлау комиссиясы