Айтулы шараны аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев алғы сөзбен ашып, шараға қатысушыларды маңызды мереке ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.
Аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы 30 жыл аясында елімізде қол жеткізілген жетістіктер мен ауданымызда атқарылған іргелі істерге тоқталып, аталмыш рухани-танымдық шараны ұйымдастырған «Ізгілік» қоғамдық бірлестігіне, шараға белсене қатысқан Қаратөбе колледжі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұжымдарына ризашылығын білдірді.
Шара барысында аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев, көпті көрген ауыл ақсақалы Аманжан Әнесов, Желтоқсан оқиғасына қатысқан ауыл азаматы Ерболат Мақаш, Қаратөбе колледжінің директоры Мәулен Салахадден сөз сөйлеп, Қазақ елінің басты байлығы мен құндылығы – Тәуелсіздік тарихы, еліміздің егемен ел болу жолында бастан өткерген қиындықтарды еңсеріп, қол жеткізген жетістіктері мен тарихи маңызға ие, тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасы, дінге беріктік, отансүйгіштік, елжандылық турасында әңгіме өрбітті.
Басқосу соңында шараға қатысушылар естелік суретке түсті.
"Қаратөбе өңірі" газеті