Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Құтқарушылар күні» кәсіби мерекесін атап өтуге арналған салтанатты жиын өтті. Жиында LED экраннан құтқарушы қызметкерлердің жұмыстары бейне баян арқылы көрсетіліп, аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйледі.
– Құрметті бүгінгі мерекелік іс шараға қатысушылар бәріңізді төтенше жағдайлар кәсіби мерекесі, Қазақстан Республикасының құтқарушылар күнімен құттықтаймын! Қандай қиыншылықтарға тап келсе де төтенше жағдай қызметкерлері бейімділігі мен өз ісін абыроймен атқаруға бар ынталарымен қызмет жасап келеді. Құтқарушылардың басты мақсаты – азаматтардың өмірін құтқару. Бұл сала қызметкерлерінің жұмысы әркімнің қолынан келе бермейтін қызмет. Оған үлкен жүректілік, білім мен бай тәжірибе қажет. Еңбектену арқасында ел тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген төтенше жағдай қызметкерлері бүгінгі күннің батырлары, - деген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы құтқарушыларға ақжарма тілегін жеткізді.
Шарада төтенше жағдайлардың алдын алуға үлес қосқан №18-ші өрт сөндіру бөлімінің бірқатар қызметкерлері БҚО ТЖД бастығы, полковнигі Ернұр Өтегеновтың, аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Мендешов Қаратөбе ауданы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға үлес қосқан ерікті өртке қарсы жасақ мүшелері Құрмет Тілектесұлын, Қайырбек Қажығалиев, Берік Рахымұлын алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты шара аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. Концерттік шарада «Мен қазақпын», «Офицеры», «Әнім болып қаларсың!», «Қазағым, елім!», «Елім, менің» әндері шырқалды.
"Қаратөбе өңірі" газеті