Ең әуелі айтулы мерекеге орай аудандық мәслихат залында аудан қариялары бас қосқан жиналыс оздырылды.
Мерекелік жиында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқали, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев сөз сөйлеп, аудан қарияларын төл мерекелерімен құттықтады.
Жиында қоскөлдік ардагер Серік Нығметов, сулыкөлдік ардагер Сұлтанғали Есенов зейнетақы туралы ойларын жеткізсе, ханкөлдік ақсақал Зайзағат Бөлеғалиев шараны ұйымдаструшыларға зор алғысын білдірді.
Жиналыстан кейін қариялар аудан орталығындағы орталық саябақты аралап, Мұхит Мералиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі мен жаңадан салынған Алашорда және Қайыржан Хасановтың музейінде болды. Қариялар ауданның тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен танысып, кейбір тарихи оқиғалар бойынша естеліктерімен бөлісті.
Қаратөбе ауылында жаңадан салынып жатырған тұрғын үйлер мен асфальталып жатырған жолдарды көрді.
Мереке күні төбеден күн шуағын сеуіп, аға ұрпақ қарияларымызға табиғат та тосын сый ұсынғандай аспан бұлтсыз, шайдай ашық болды.
Еліміздің, туған жеріміздің өсіп-өркендеуіне зор үлестерін қосқан ардагерлеріміздің еңбектері ерекше.
Аудан орталығына саяхат жасаған ардагер ағалар мен апаларымыз өздерінің мереке күні алған әсерлерін ортаға салды. Ауданның жылдан-жылға дамып келе жатырғанын әңгімелеп, ризашылықтарын танытты.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Шыңғыс» мейрамханасында қарияларға арналған мерекелік дастарқан мәзірі ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сөз сөйлеп қазыналы қарияларымызды төл мерекелерімен құттықтап, ауданда атқарылып жатырған іргелі жұмыстар туралы әңгімеледі.
– Ауданның экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосып, келешек ұрпақ тәрбиелеуде үлкен маңызға ие аға ұрпақ өкілдері, аудан ардагерлері, Сіздердің еңбектеріңіз ерекше.
Туған жеріміздің мәртебесін арттыру, алға қойған міндеттерді орындауда, діттеген мақсаттарға жету жолында сіздердің ақыл, кеңестеріңіз ауадай қажет. Сіздердің қатысуыңызбен Тәуелсіздік аясында ауданда біраз істер тындырылып келеді.
Қадірлі аудан қариялары Сіздерді төл мерекелеріңіз 1 қазан – Халықаралық қариялар күнімен құттықтаймын, еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын. Зор денсаулық, отбасыларыңызға аманшылық тілеймін, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Дастархан мәзірінде қаратөбелік ақсақал Аманжан Әнесов ақ батасын беріп, өздерін елеп, құрмет көрсетушілерге аудан қариялары атынан алғыс білдірді.
"Қаратөбе өңірі" газеті