2016 жылғы 30 желтоқсанда елімізде «Волонтерлік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Волонтерлік қызметті дамытуға мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп, арнайы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобалары іске асырыла бастады. Өткен жылы Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» ретінде белгілеп, осы саланы дамытуға қатысты нақты шаралар қабылданды.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілген болатын. Аталған құжатқа сай белсенді еріктілердің қызметтері «Біргеміз: Білім», «Біргеміз: Саулық», «Біргеміз: Сабақтастық», «Біргеміз: Таза Әлем», «Біргеміз: Асыл мұра», «Біргеміз: Қамқор», «Біргеміз: Үміт», «Біргеміз: Аяла» бағыттары бойынша жүргізілетін болады.
Тұрғындармен өткен басқосуда сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан ауданымызда «Бәрі ауылымыз үшін!» ұранымен құрылмақшы волонтерлік топтың негізгі мақсат-міндеттерін түсіндіріп өтті.
– Волонтерлық қызмет әр тұрғынның ерікті түрде өз ауылына, туған жеріне жаны ашуы арқылы жүзеге асуы қажет. Ауылымыз күннен-күнге көркеюде, сол жасалынған жұмыстарды бүлдірмей, бұзбай сақтай білуіміз керек. Ол үшін ерікті түрде ауылымыздың таза болуын өзіміз қадағалап, көпшіліктің көмегі қажет болса қол ұшын беруді саналы түрде жүзеге асыру керек. Қоғамдық жұмыстарды ерікті түрде атқару үшін әлеуметтік желіде «Қаратөбе еріктілері» атауымен парақша ашып, белсенді түрде жұмыс жүргізуді қолға алмақпыз, - деді Жасұлан Сұлтан.
Еріктілер қызметін жандандыруға арналған жиында өз пікірлерін білдірген ауыл тұрғындары Мәулен Қожахметов, Айбар Әбденов, Берікжан Ғарапшиев, Меңдіқожа Ғабдолов, Райымбек Абаев волонтерлық қызметтің қоғамға пайдасы жөнінде сөз қозғап, ауылымыздың дамуы мен тазалығы үшін жанашыр азаматтардан құралған еріктілердің болуын құптайтындықтарын жзеткізді.
Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады. Олардың жаһандық дамуға тигізер үлесі зор. Көптеген елде волонтер атану қалыпты жағдай, үлкен құрмет саналады. Жұртшылық оларды сыйлайды. Мысалы, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Германия мен Жапонияда волонтерлердің саны жылдан-жылға артуда.
Елімізде де волонтерлік мақсатта құрылған және елдегі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып жүрген волонтерлік топтар аз емес. Әсіресе олар әлемді жаулаған коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты мұқтаж жандарға көмектесу, елді мекендерде медициналық құралдар тарату, халықтың белгілі санаттарына азық-түлік таратуға жұмыла қызмет етті.
"Қаратөбе өңірі" газеті.