Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі-ол азаматтардың арыз шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2020 жылдың 6 қазанында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы №365-VI ҚР Заңына қол қойды.
Бұл өзгерістер мен толықтыруларда әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге кез келген бағадағы сыйлықтарға толық тыйым салынған. Егер сыйлық мемлекеттік қызметшінің қызметіне байланысты болса немесе байланысты болуы мүмкін болса, бұл шектеу отбасы мүшелеріне де тікелей қатысты.
Заңға енген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде Жоғарғы сот төрағасы Ж.Қ.Асанов сот органдарына жолдаған хатында сыйлықтардан бас тарту практикасы ең алдымен өзіміздің арамызда, яғни сот жүйесінде берік орнығуы тиіс екенін айтты.
Мемлекет басшысы көрсеткен өзара сенім негізінде мемлекет пен қоғам өкілдерінің бірігуі, барлық мемлекеттік органдардың жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатымен жұмыс істеуі, қоғамдық бақылаудың күшеюі, бюджеттік саясаттың ашықтығы, балаларға ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздерін баулу, қоғамдағы жемқорлыққа карсы пікір мен құқықтық сананы қалыптастыру еліміздегі жемқорлық деген әлеуметтік мәселені жоятынына сенімдімін.
Жалпы айтқанда, әр азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға, парақорлық, жемқорлықпен күресте белсенділік танытуға міндетті. Жарқын болашаққа, әділдікке жүгінген халықтың сеніміне ие болып, адами қалып-парасат биігінен көріну әрқайсымызға парыз.