
Қоскөлдегі жаңаша медициналық пункт
Ұлт саулығы – елдің басты байлығы. Сондықтан мемлекетіміз денсаулық сақтау саласына әрдайым айырықша көңіл бөліп келеді.
Бүгін Қоскөл ауылдық округінің орталығы Қоскөл ауылында күрделі жөндеуден өткен медициналық пункт халық игілігіне пайдалануға берілді. Медициналық пункт заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған.
Аталмыш медициналық пункттің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық аурухананың бас дәрігері Ербол Меңдіғалиев, медпункттің құрылысын жүргізген мердігер «Бекқалиев» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Абзал Бекқалиев қатысты.
Ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Карелұлы ауыл тұрғындарын жаңарған, сәулетті ғимараттың ашылуымен құттықтады.
Аталмыш медициналық пункттің құрылысын қысқа мерзімде 4 айда аяқтаған мердігер Абзал Бекқалиев ауыл тұрғындарын бүгінгі үлкен қуанышынтарымен құттықтап, жүрекжарды жылы лебіздерін арнады.
Жаңартылған ғимараттың лента қию рәсімін аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан мен сала ардагері Гүлбаршын Рахметова жүргізді.
Шашылу шашылып, шараға қатысушылар ішке еніп, медициналық пункттің жұмысымен танысты.
Іс-шараға арнайы шақырылған мейман, 34 жыл Қоскөл ауылында қызмет жасаған сала ардагері Гүлбаршын Рахметова қоскөлдіктерге шынайы ризашылығын білдіріп, өзі қызмет жасаған кездерінен естеліктерін айтты.
– Мен, Ақтөбе медициналық иснтитутын 1983 жылы тәмамдап, осы Қоскөл ауылында 34 жыл дәрігер болып қызмет жасап, 2017 жылдың сәуір айында зейнеткерлікке шықтым. Жасыратыны жоқ ол кездерде қазіргідей емес, жұмыс қиындау болды. Арнайы көлік болмады. Сырқаттанған адамдарға қыста ат шана, жазда ат арба, болмаса совхоздың көліктерімен баратынбыз. Қазіргідей жарқыраған, сәулетті, іші жылы, жарық бөлмелері және заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған жағдай болған жоқ. Қызметтің ыстық суығын көріп жұмыс жасадық. Бүгінгі қуаныштарыңызға ортақпын. Іші керемет медициналық құрылғылармен жабдықталған жаңартылған медициналық пункттерің құтты болсын. Халық игілігіне жарасын. Медициналық нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлаған мемлекетіміздің қамқорлығына, аудан, ауыл басшыларының игі ісіне, ғимараттың құрылысын жүргізіп, санаулы күндерде аяқтап, пайдалануға берген мердігерге зор ризашылығымды білдіремін, деді денсаулық сақтау саласының ардагері Гүлбаршын Мергенқызы.