
Қаратөбеде қос мереке қатар тойланды
Бүгін Ғ.Құрманғалиев атындағы мәдениет үйінде 23 маусым күні – Мемлекеттік қызметшілер күні мен Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара өтті.
Шараның ашылуында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, қоғам тыныштығы мен мемлекеттік басқару саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың қызметіне жоғары баға берді.
– Құрметті мемлекеттік қызметшілер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметшілер күні және Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қос мереке – мемлекеттің негізін құрайтын қос тірекке – мемлекеттік басқару жүйесі мен құқық қорғау саласына деген құрметтің белгісі.
Мемлекеттік қызмет – ел мүддесі үшін еңбек етуді, әділдік пен ашықтықты, жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Ал полиция қызметі – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, тәртіп пен заңның сақталуына жауап беретін аса маңызды қызмет. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында ауданда тұрақтылық, тыныштық пен даму бар.
Бүгінде Қаратөбе ауданында өз ісіне адал, білімді, тәжірибелі мамандардың буыны қалыптасты. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз – ел болашағына қосылған үлес. Алдағы уақытта да бірлесе отырып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай еңбек етеміз деп сенемін, - деді аудан басшысы.
Айтулы шарада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Мұрат Байсаловтың Алғыс хатымен аудан әкімі аппаратының басшысы Дат Жәнібеков пен Аққозы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Жанат Бердіғалиева марапатталды.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасы басшысы Дархан Қадралиевтің Алғыс хатымен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Еркін Тойшыбаев марапатталды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің “Қазақстан полициясына – 30 жыл” төсбелгісімен Нұрхат Талғатұлы мен Тасболат Октябрұлы наградталса, БҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің Алғыс хатымен Сержан Бауыржанұлы марапатталды.
Аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлының Алғыс хатымен Қаракөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Гүлжан Зейнуллина, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Жанар Құрманова, сондай-ақ Мержан Серікұлы мен Айбек Бекболатұлы марапатталды.
Шара аудандық мәдениет үйі әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты