
23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер және Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мемлекеттік қызметкерлер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында бұқаралық спорттық сайыс ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған бұл шара биыл волейбол, садақ ату, үстел теннисі және арқан тартыс сынды спорт түрлерін қамтыды.
Жарыс мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру және олардың дене дайындығы мен командалық рухын нығайту мақсатында оздырылды.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Қ. Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Құрметті әріптестер! Бүгінгі шара – тек спорттық сайыс қана емес, біздің бірлігіміздің, ұйымшылдығымыздың айғағы. Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін сала. Ал осындай сәттерде сергектік пен салауатты өмір салтын ұстану – әрбір қызметкердің тиімді жұмыс істеуіне серпін береді. Бүгінгі спорттық жарыс сіздердің бір-бірлеріңізбен достық қарым-қатынасты арттырып, ұйымшыл ұжымның бірлігін бекіте түседі деп сенемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді аудан басшысы.
Жарыс барысында қатысушылар өзара тартысты ойын өрнегін көрсетіп, жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді. Спорттық бәсеке тек жарыс қана емес, бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.