Аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінде 25 қазан – Республика күніне орай II Қаратөбе ауданы мекемеаралық спартакиадасы басталды.
Шара мемлекеттік және түрлі сала қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұжымдық рух пен ынтымақты арттыру, сондай-ақ қоғамда спортқа қызығушылықты күшейту мақсатында оздырылды.
Биылғы додаға аудандық аурухана, ішкі саясат бөлімі, полиция бөлімі, Шөптікөл мектебі, Мұхит мектебі, Спорт мектебі, Гимназия, Спорт клубы командалары қатысты.
Қатысушылар волейбол, жүгіру, үстел теннисі, асық ату, бес асық, футзал және арқан тартыс спорт түрлері бойынша өзара бақ сынауда.
Спартакиаданың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Республика күні – еліміздің жаңа дәуірге қадам басқан күнін, мемлекеттігіміздің берік іргетасын білдіретін мереке. Бұл – әр азаматтың бойында отансүйгіштік сезім мен елдік рухты қалыптастыратын ерекше күн.
Бүгінгі спартакиада – тек спорттық сайыс емес, достық пен ынтымақтың көрінісі. Мұндай шаралар ұжымдар арасындағы өзара қолдауды арттырып, сергек өмір салтын дәріптеуге жол ашады. Баршаңызға сәттілік пен жарқын жеңіс тілеймін, – деді ол.
Айта кетейік, спартакиада екі күнге созылады. Бірінші күні волейбол, жүгіру, асық ату және бес асық ойындары өтуде. Ал екінші күні үстел теннисі, футзал және арқан тартыс түрлері бойынша жарыстар жалғасады.
Жарыстың алғашқы күні қызу тартысқа толы өтті. Волейбол мен жүгіру сайыстары көрермендердің көңілінен шығып, қатысушылардың спорттық дайындығы мен ынтымағы айқын байқалды. Ұлттық ойындар – асық ату мен бес асық жарыстары болса, мерекелік шараға ұлттық рух пен көрік берді.