Қаратөбеде «Көкжиек» оқу орталығы ашылды
28 қыркүйек күні Қаратөбе ауданында жас ұрпақтың болашағына бағытталған маңызды білім ордасы – «Көкжиек» оқу орталығы өз есігін айқара ашты.
Салтанатты шараға аудан тұрғындары, ата-аналар, оқушылармен қатар, Қаратөбе аудандық білім беру бөлімінің өкілі Гүлімхан Болатқызы арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараның ресми бөлімінде ең алдымен орталық жетекшісі Раймбек Зейнуллин сөз алып, жиналған қауымды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Райымбек Бақытжанұлы өз сөзінде:
– «Көкжиек» оқу орталығы – балаларымыздың білімге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық қабілетін дамытуға арналған орта. Біздің мақсатымыз – жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, оларға сапалы білім беруге жағдай жасау,- деп атап өтті.
Орталықта оқушылар үшін:
– Математика, орыс тілі, ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады;
Ұзартылған күн тобы ұйымдастырылып, оқушылардың үй тапсырмаларын орындауына қолдау көрсетіледі;
Мектепалды даярлық сыныптары арқылы бүлдіршіндердің мектепке даярлық деңгейі артады;
Балалардың ойлау қабілеті мен есте сақтауын дамытуға арналған арнайы курстар қарастырылған.
Мерекелік іс-шарада оқушылар ән айтып, өлең оқып, өнерлерін ортаға салып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Орталықтың ашылуында балаларға естелік сыйлықтар табысталды.
Орталықтың ашылуына ата-аналар зор ризашылықтарын білдіріп, жылы лебіздерімен бөлісті. Шараға қатысушы ата-аналар: «Біздің ауданымызда осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымыз. Бұл балаларымыздың қосымша білім алуына, жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік береді. Осындай игі істі қолға алған ұстаздарға алғысымыз шексіз» дейді.
«Көкжиек» оқу орталығы – ауданның білім саласындағы тың серпін. Ол жас буынның болашағына бағытталған маңызды қадам болып, балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін орталыққа айналмақ.