Жас ақындар жеңісі

Жас ақындар жеңісі

Бүгін Қала күні мерекесіне орай, сондай-ақ қазақтың көрнекті ақындары Жұбан Молдағалиевтің туғанына 105 жыл, Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылмын» атты IV облыстық оқушылар айтысы өтті.

Шараны ұйымдастырған өнер мен руханиятты ұрпақ бойына сіңіруде үлкен жұмыс атқарып жүрген «Алтын Орда» балалар мен жасөспірімдер театры. Айтысқа өңіріміздің әр түкпірінен жыр сүйер жеткіншектер қатысып, сөз додасында суырылып шыққан нағыз жас жүйріктер анықталды.

Солардың ішінде Балалар шығармашылық үйінің «Ақындық әліппесі» үйірмесінің мүшелері Досхан Бекболатұлы мен Құдайберген Жасұланұлы өзгелерден дараланып, жүлделі орындарға ие болды. Досханның ұтымды ұйқастары мен өткір ойлары әділ қазылар тарапынан жоғары бағаланып, І орын бұйырды. Ал Құдайберген Жасұланұлы айтыстағы тапқырлығымен ерекшеленіп, ІІІ орынды еншіледі.

Жас ақындардың бұл жетістігінде олардың ұстазы, үйірме жетекшісі Эльмира Мұратқызының еңбегі ерекше. Ол шәкірттерінің өлең өлкесіне қадам басуына, ұлттық өнерді сүюіне, сөз құдіретін тануына үлкен үлес қосып келеді.

Айта кетейік Досхан Бекболатұлы мен Құдайберген Жасұланұлы Мұхит атындағы ЖОББМ - нің 9 сынып оқушылары.

Дата публикации
02 октября 2025