Мемлекеттік қызметшілер марапатталды
Қайыржан Хасанов және Алаш атындағы өлке-тану музейінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиында аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев әріптестерін мерекемен құттықтады.
– Сіздерді, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.
Ауданымыз бойынша 2024 жылдың 1 маусымына мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны – 81 болса, нақты саны – 74 бірлікті құрайды. Бос лауазымдар саны – 7-ні көрсетіп, штат санының – 7,4% құрап отыр.
Айтулы мереке қарсаңында Сіздерге мықты денсаулық, атқарып отырған істеріңізге зор жетістіктер тілей отырып, алға қойылып отырған міндеттердің аудан көлемінде жүзеге асуына сүбелі үлес қосуларыңызға тілектеспін, - деді.
Шарада жас мемлекеттік қызметшілер Аққозы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы А.Тойшыбаев, Жусандыой ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ш.Болатжанова ант қабылдады.
Айтулы шарада Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғыс хатымен Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Хайратұлы марапатталды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департамент басшысының алғыс хатымен аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Ляззат Ересқызы, аудан әкімі аппаратының бас инспектор заңгері Венера Шоқанқызы марапатқа ие болса, аудан әкімінің алғыс хатымен аудандық кірістер басқармасының бас маманы Арман Мағалымұлы, Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Майра Ерсайынқызы марапатталды.
Ал Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасының «Құрмет» грамотасымен Берікқали Жақсылықұлы марапатталады.
Меркелік шара Ғ.Құрманғалиев атындағы мәдени демалыс орталығы әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.