Доклад акима района (15 февраля 2023 года)

  Құрметті Нариман Төреғалиұлы,

аудан тұрғындары және есептік кездесуге қатысушылар!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылдың 16 наурызындағы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты жолдауында «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру» деген болатын. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін қоғам мен билік арасында диалог орнатудың маңызы зор.

Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда да бүгінгідей кездесулердің орыны ерекше. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді дана халқымыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өткен жылдың сәуір, қазан айларында облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесулері өткенін білесіздер.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан 24 сауал қойылып, бүгінгі таңда 12-і орындалып, 11-і жүзеге асырылу үстінде, 1 мәселе бақылауда тұр.

Өткен 2022 жылы қардың мөлшерден көп түсуі және ауа-райының күрт жылынуына байланысты ауданымызда көптен болмаған су тасқыны Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылында көктем мезгілінде орын алды. Табиғи апат салдарынан Шалғын ауылында 2 әлеуметтік нысан 23 тұрғын-үй зақымдалып, тұруға жарамсыз болды. Ауданымызда төтенше жағдай режимі жарияланып, 2 ай аталған режимде жұмыс атқардық. Қауіп туындаған мезетте эвакуациялық жұмыстар уақытылы жүргізіліп, ең бастысы адам шығыны орын алмады.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан тиісті қаражат бөлініп, 23 тұрғын үй салынып, желтоқсан айында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыстық төтенше жағдайлар резервінен 60 орынға арналған мектеп құрылысы жүргізілуде.

Қаратөбе ауылының қасындағы Қалдығайты өзені қатты тасып, Қаратөбе ауылына су кіру қаупі туындады. Сонымен қатар, Облыстық маңызы бар Жымпиты-Қаратөбе автожолының 103 шақырымында орналасқан өткелді, Қаракөл ауылдық округі қарасты Ақтай-сай ауылына кіре беріс өткелді су шайып кетуіне байланысты облыстық төтенше жағдайлар резервінен 14,2 млн. теңге бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Мемлекетіміздің қиын қыстау уақытта өз халқын қиындыққа қалдырмай, әрдайым қол ұшын созатынының куәсі болдық. Оған Шалғын ауылы бірден бір дәлел. Мұның сыртында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, облыс, ауданның жекелеген тұрғындары және түрлі қоғамдық ұйымдар да осынау кезеңде шалғындықтарға көмек қолын созды. Құрылыс материалдары, киім-кешек, өзге де қажетті құрал-жабдықтар барлығы 26 млн. теңге қаржылай көмектер көрсетілді.

2023 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарына жергілікті бюджеттен жалпы құны 12,4 млн. теңге бөлініп, Қалдығайты өзенінің Қаратөбе ауылы тұсына және Шилі өзенінің Шалғын ауылы тұсына өзен жағалауларына бөгет салу жұмыстары жүргізілді.

БЮДЖЕТ

2023 жылдың 1-ші қаңтарына нақтыланған аудандық бюджет 5 461 724,8 мың теңге. Соның ішінде өз кірісіміз 560 млн. теңгені құраса, ағымдағы жылы 822 млн. теңгеге жоспарланды.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылы 1 534,4 млн. теңгені құраса, соның ішінде жеке инвестиция көлемі 956,3 млн. теңге.

КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ

Қазіргі таңда аудан бойынша 995 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап, 1256 адам  жұмыспен қамтылып отыр.

2022 жылы 75 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант беру  жоспарланып, 91,9 млн. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге  60 адамға (мал шаруашылығына - 49, кәсіпкерлік бағытына – 11)  73,5 млн. теңге грант берілді. «Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 106 тұрғын оқыса, 57-сі жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға грант алды.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша жалпы құны 285,0 млн. теңгені құрайтын 5 жоба  іске қосылып, 18 адам жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар, аудан орталығындағы заманауи құрал жабдықтармен қамтылған ғимаратта Халық банк бөлімшесі ашылып, жұмыс жасауда.

Үстіміздегі жылы 401,7 млн. теңгеге 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

 АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Ауданымызда 324 шаруа қожалығы агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында қызмет атқаруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудандағы мүйізді ірі қара – 42 530 басты, қой мен ешкі 91 194 басты, жылқы – 14718 бас, түйе – 19 басты, құс саны 10 078 құрады.

 Бүгінгі таңда аудан бойынша 30 шаруашылық асыл тұқымды 6676 бас МІҚ  малын, 2 шаруашылық 120 бас асыл тұқымды жылқы, 2 шаруашылық 1739 бас асыл тұқымды қой малын  өсірумен айналысады. 

Аудан шаруашылықтары мал шаруашылығымен бірге егіс шаруашылығын да қолға алуда. 2022 жылы ауданымыз бойынша барлығы 1070 га жерге арпа, тары, бір жылдық екпе шөптер егіліп, көлемі жағынан өткен жылмен салыстырғанда 2,25 есеге артты.

Сонымен қатар, 2 ШҚ 280 га жерге күздік егіс ексе, 2 ШҚ 300 гектарға жаздық дақылдар, 4 ШҚ 600 гектарға екпе шөптер егуге ниет білдіріп жұмыстарын бастауда.

2022 жылы бау-бақша, көкөніс өсірумен айналысып жүрген «Жаңбағ» шаруа қожалығы 2 га жерге тамшылатып суару әдісімен бақша дақылын егіп, 48,2 тонна өнім алынды. Бұның сыртында,    Сулыкөл ауылдық округінің 5 ауыл тұрғынына Қалдығайты өзені жағасынан бақша егуге 5 гектар жер берілді. Тамшылатып суару әдісімен бақша дақылын егіп, барлығы 120 тонна бақша өнімін алды.

Үстіміздегі жылы Сіздің тапсырмаңызға сәйкес ауданымызда 7 гектар жерге мекеме қызметкерлері арқылы ұжымдық бау-бақша өсіру жоспарланса, жеке тұрғындардың өтініштері бойынша 24 гектар жерге бау-бақша өнімдерін егуге сұраныс берілді.

2022-2023 жылдың мал қыстағына 112,2 мың тонна табиғи мал азығын дайындау жоспарланып, 121,4 мың тонна мал азығы дайындалды. 

Ауданымыз бойынша қосымша 13 жеке шөп шабу бригадасы ұйымдастырылып, 2600 га көлдік және шабындық жерден 13,0 мың центнер мал азығы дайындалды.

Есептік мерзімде машина-тракторлық парктерді жаңарту мақсатында 72  трактор және мал азығын дайындау техникасы сатып алынды.

Аудан шаруашылықтары өз ісін жандандыруға 805,4 млн.теңге инвестиция салса, мемлекет тарапынан 467,5 млн. теңге оның ішінде мал шаруашылығына 349,6 млн.тг және инвестициялық салымдардың шығындарын өтеуге 117,9 млн.тг субсидия төленді.

Аудан бойынша 2020-2022 жылдары аралығында 45 шаруа қожалығы 68310 га жер телімің мақсатына сай пайдаланылмай отырғаны анықталды.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы пайдаланылмай отырған жер телімдері иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 14 шаруа қожалығы 33 268 га жер телімін толығымен (соның ішінде біреуі 1 600 га сот шешімі бойынша), 6 шаруа қожалығының жартылай бөліктерін 3 360 га барлығы 36 628 га жер телімі мемлекетке қайтарылды. Қайтарылған 36 628 га жер телімінің 4600 га қайтадан айналымға тартылды. 14 шаруа қожалығы мал басын тіркеп 19 779 га жер телімін игеруге кірісті.

Жер телімін мақсатына сай игермеген 11 жер иеленушіге (11 903 га) тексеру жұмыстарын жүргізіп, шара алу үшін облыстық жер инспекциясына хат жолданды.

2022 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне 4 рет конкурс өткізілді. Конкурс қорытындысымен 24 өтініш иесіне көлемі 14 120 га жер учаскесі берілді.

Сонымен қатар, 2 рет «gosreestr» порталында коммерциялық мақсаттағы жер учаскесіне аукцион өткізілді. Аукционға 12 жер учаскесі шығарылып, құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін жеңімпаздар анықталды.

Жыл соңына дейін 14,4 мың гектар (13,5 жайылым, 0,9 егістік) құрайтын 27 жер учаскесі конкурс арқылы жалға берілетін болады.

Аудан бойынша жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтажын қамтамасыз ету барысында босалқы жер қорынан жалпы көлемі 126 221 га жер 49 жылға резервке қойылды.

ҚҰРЫЛЫС

Қазіргі таңда аудан бойынша тұрғын үй кезегінде түрлі санаттағы 349 адам тұр.

2021 жылы аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үш 4 пәтерлі бір қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталып, өткен жылы аяқталып, 12 тұрғын баспаналы болды.

Аудан бойынша 22 елді-мекеннің 13 елді-мекені орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл аудан халқының 91,3 % құрайды.

Ауданымыздың 5 елді-мекенінің тұрғындарын таза сумен қамту мақсатында (Төлен, Сәуле, Қарақамыс, Алакөл, Бесоба) жоба құны 48,5 млн. теңгеге 3 жоба бойынша жобалық – сметалық құжаттамалары жасақталып, 2023 жылдың наурыз айында сараптама қорытындысы алынады деп жоспарлануда.

Халықпен есепті кездесуде Аққозы ауылдық округінің тұрғындарынан ауыз су үшін қосымша құдық қаздырып беру жөнінде өтініш түскен болатын. Жергілікті бюджеттен 3,9 млн. теңге бөлініп, «Жайықгидрогеология» ЖШС арқылы жаңадан ұңғымалық құдық қазылды.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен мамыр айында Аққозы ауылдық округіне қарасты Қоржын ауылына 50 дана көше жарықтары орнатылды.

АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ

Қаратөбе ауданы аумағында облыстық маңызы бар 41 шақырым және  аудандық маңызы  бар 268,7 шақырым жолдар пайдаланылуда.

Есептік кездесулерімізде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру туралы. Өткен жылы аудандық маңызы бар жолды және Қаратөбе ауылдық округінің жолдарын күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша конкурс өткізіліп, жеңімпаз анықталды. Бүгінгі таңда аталған жұмыстар жүргізілуде.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Аудандағы маңызды бағыттардың бірі – жаңа әлеуметтік саясат. Мемлекет халықтың әлеуметтік аз топтарына әрқашан ерекше назар аударып отырады.

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Халықты жұмыспен қамту орталығына 1 443 адам жолығып, 913 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.

 (тұрақты жұмыс - 512, әлеуметтік жұмыс - 24, жастар практикасы - 50, қоғамдық жұмыстар – 258, алғашқы жұмыс орны -8, күміс жас жобасы-1).

13 адам жұмыс берушінің сұранысына сай қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданып, оқуын аяқтаған соң тұрақты жұмысқа орналастырылды.

548 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, есепті кезеңге 598 жаңа жұмыс орындары ашылды, соның ішінде 182 тұрақты жұмыс орындары, 316 уақытша жұмыс орындары.

Көзі нашар көретін бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар арасында инватакси қызметі жүзеге асырылды. Осы бағытта 2022 жылы жергілікті бюджеттен 3 млн.772 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді.

БІЛІМ

Білім саласы бойынша 2021-2022 оқу жылы 162 мектеп түлегінің 148-і ҰБТ тапсырып, соның 9-ы «Алтын белгі», 14-і «Үздік аттестат» иегері атанды. 97-і жоғарғы оқу орындарының және 30-ы колледждің грантын иеленді.

Қаратөбе мектеп-гимназиясы - өңірімізде алғаш ашылған сәттен бастап, жылдар бойы жас ұрпақтың  жүрегіне  білім нәрін  ұялатып келе жатқан білім ошағы. Аталмыш білім ұясы оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік 100 мектептің қатарына қосылды. Бұл тізімге облысымыз бойынша таңдаулы 9 мектептің қосылғанын айта кеткен жөн. Өткен жылы мектеп-гимназияға Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде жерлесіміз, академик Қажым Жұмалиевтің есімі берілді.

МӘДЕНИЕТ, СПОРТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ресми түрде 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялап, өскелең ұрпақтың жақсы өмір сүруі мемлекеттің басты міндеті екенін атап өткен еді. «Балалар» жылына орай ауданымызда 10 694 баланың қамтылуымен 274 іс-шара өткізілді.

«Балалар жылы» аясында оқушылар арасында бабаларымыздан қалған күй өнерін дәріптеу мақсатында ауданымызда тұңғыш рет «Күмбірлеген күміс күй» атауымен күйшілер сайысы, «Біз – тәуелсіз ел ұланы, болашаққа үн қосқан» тақырыбында ақындар айтысы, «Бала Fest»  өнер фестивалі оздырылды.

Балалардың уақытын тиімді пайдаланып, оларға жақсы көңіл күй сыйлау мақсатында аудан орталығындағы орталық саябаққа жалпы құны 11,4 млн. теңгеге  әр түрлі ойын жабдықтар, дүңгіршектер орнатылды.

2022 жылы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығына берілді.

Есепті мерзім ішінде «Жаһанша Досмұхамедов – тәуелсіздік жаршысы» атты облыстық ғылыми конференциясы, Республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері, ақын Александр Қауеновтың 70 жылдығына арналған «Айтыстың Ақсұңқары ең...» республикалық ақындар айтысы өткізілсе, өлкетанушы, журналист, шежіреші, ақын, прозик, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Қайыржан Хасановтың 80 жылдығына арналған «Қажырлы қадам, қадірлі қалам – тау тұлға» атты сазды кеш өтті.

Өткен жылы Түркияның Анталья қаласында қол күресінен жастар арасында өткен 43-ші Әлем чемпионатында жерлесіміз, «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» Ержан Ерболатұлы Әлемнің 4 дүркін жеңімпазы атанды.

Аудан көлемінде «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының аясында өткен жылы 39,1 млн. теңгеге 15 жоба жүзеге асырылды. Соның бірі - Сулыкөл ауылындағы ғибадат үйі (мешіт) құрылысы басталды. Жоба құны -20 млн теңге. Сонымен қатар, Самара-Шымкент, Жымпиты-Қаратөбе тас жолы бойында орналасқан Қаратөбе ауданының шекарасына жалпы құны 7 млн теңгеге арнайы белгілер орнатылды.

Аудан тұрғындарының демеушілігімен аудандық мешіт жанынан 200 орындық асхана пайдалануға берілді. Осы нысанның ашылуындағы бірден бір себеп - халық арасында ысырапшылықтың алдын алу болып табылады.

ЖАСТАР

Аудан жастарын жан-жақты қолдау, оларды заман талабына сай бейімдеу және мемлекеттік бағдарламаларға тарту басты назарда. Ауданымызға келген жас мамандарды қолдау үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өткен жылы 52 маманға жалпы сомасы 15 млн. 927 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріліп, 14 маманға 57 млн.926 мың теңге көлемінде тұрғын үй сатып алу және салуға бюджеттік несие берілді.

Аудан орталығын абаттандыру және студенттерді жазғы уақытта жұмысқа тарту мақсатында ұйымдастырылатын жыл сайынғы «Жасыл ел» еңбек бағдарламасына аудан бойынша 60 жас сарбаз жұмысқа тартылып, маусым, шілде айларында қызмет етті. Бұл аралықта еңбек жасақтары ауданымыздың тазалық жұмыстарымен айналысып, түрлі акциялар ұйымдастырды.

ҚАУІПСІЗДІК

Қоғамда тәртіпті сақтау да маңызды мәселелердің бірі. Осы бағытта да ауданымызда жұмыс жоспарларына сай тиісті қызмет атқарылып, жұмыстар орындалуда.

Аудан бойынша есепті кезеңде барлығы 39 қылмыстық оқиға тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 62 % төмендеді. Ашылу пайызы 97,4% құрады.

2022 жылы аудан орталығы Қаратөбе ауылында бір пәтерлі тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полицияның тірек пункті пайдалануға берілді. Облыс аудандары арасында жүзеге асырылған алғашқы жобаға, жергілікті бюджеттен 39,5 млн. теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда төрт елді мекеннен тұратын ауылдық округ учаскелік полиция инспекторымен және қызметтік тұрғын үймен, автокөлікпен қамтылған.

Қадірменді  жерлестер!

Бүгін Сіздер өткен жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстармен таныс болдыңыздар.

Биылғы жылы да аудан халқының табысын арттыру және ауданымыздың әлеуметтiк-экономикалық дамуының өзектi мәселелерiн шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру мақсатында 2023 жылға арналған ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары дайындалды.

Бекітілген жоспарға сәйкес өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласына 284,0 млн. теңге мөлшерінде жеке инвестиция тарту арқылы 24 жоба жүзеге асыру жоспарлануда. Соның ішінде, әртүрлі бағытта шағын цехтар ашу, елді мекендерде наубайханалар ашу, жол бойындағы қызмет көрсетулерді жетілдіру бойынша жанар-жағармай бекетін және сауда үйлерін, қонақ үй, ойын-сауық орталығын ашу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласына 576,1 млн. теңгеге инвестициялық салым тартылып, 86 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның ішінде асыл тұқымды мал және ауыл шаруашылық техникаларын алу, мал азығын дайындау үшін көпжылдық және біржылдық шөптерді егуді ұйымдастыру және шағын бау-бақша, жылыжайлар салу қолға алу күтілуде.

Бюджеттік инвестицияларға тоқталсам, республикалық, облыстық және аудандық бюджеттің қаржысы арқылы көлік инфрақұрылымы бойынша 3 жоба, құрылыс бойынша 1 жоба, білім беру саласы бойынша 3 жобаны жүзеге асыру арқылы 2 млрд. 714,0 млн. теңге мөлшерінде инвестиция тарту көзделуде.

Сіздің тікелей тапсырмаңыз бойынша аудан әкімінің орынбасары бастаған топ Тасқала, Теректі, Бәйтерек аудандарына барып, кәсіпкерлер және шаруашылық жетекшілерімен тәжірибе алмасты. Жылыжай, бордақылау алаңы, көкініс сақтау қоймасымен танысып, аталған бағыттағы жұмыстар ауданның 2023 жылға арналған даму жоспарына енгізілді.

Аудан тұрғындарының табысын арттыру мақсатында биыл «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы іске асады деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы ретінде Жусандой және Қоскөл ауылдық округтері анықталды.

Қазіргі кезде жобаға 2 ауылдық округ бойынша 392,0 млн. теңге көлемінде несие алуға 56 тұрғын ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ, жаңадан 3 АШӨК құрылып, тиісінше 1 бірлік техника алады деп жоспарлануда.

Жалпы 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жоспарын іске асыру нәтижесі бойынша  жұмыссыздар және атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайып, тұрғындарымыздың орташа табысы артады, жаңа жұмыс орындар ашылып, жеке кәсіпкерлердің саны өсіп, бюджетке түсімдер көбейеді деп күтілуде.

Құрметті есепті кездесуге қатысушылар!

Ауданымыздың бүгінгі келбеті мен жеткен жетістігі осындағы әр азаматтың қосқан өлшеусіз үлесінің көрінісі. Өңірді абаттандырып, халыққа ыңғайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды дамытып, халықты еңбекпен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.

Алдымызда аудан тұрғындарының әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар бар. Бұл жұмыстарды іске асыруға бәріміз бір кісідей атсалысып, нәтижелерге жетеміз деген сенімдемін.

Дата публикации
01 марта 2023