2021 жылдың 1 шілдесінен бастап 2020 жылғы 29 маусымдағы қабылданған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» өз күшіне енеді. Аталған кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді.
Аталған кодекске сәйкес мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады. Кодексте азаматтардың өтініштері жолданым ретінде қарастырылады.
Арыз иесі және мүдделі тұлға әкімшілік рәсімге қатысушылар болып танылады. Әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет. Әкімішілік рәсімді қозғауға жолданым (өтініш) және әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы негіз бола алады.
Арыз иесінің:
1) әкімшілік органнан, лауазымды адамнан өзінің әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірме алуға;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында тыңдалуға;
3) әкімшілік істі қарау барысында да, қарағаннан кейін де әкімшілік іспен танысуға, үзінді-көшірмелер жасауға және көшірмелерін түсіріп алуға;
4) өтінішхат мәлімдеуге;
5) әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым беруге;
6) әкімшілік орган, лауазымды адам қарап қойған мәселе бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен қайта жолданым беруге;
7) шағым жасау барысында дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға, оның ішінде түсініктер беруге, заттай дәлелдемелер мен өзге де құжаттарды ұсынуға;
8) егер рәсім оның жолданымы бойынша қозғалған болса, әкімшілік рәсімді тоқтатуға;
9) әкімшілік рәсімде ана тілінде немесе өзі білетін тілде сөйлеуге, аудармашының көрсетілетін қызметтерін пайдалануға;
10) осы Кодексте көзделген жағдайларда қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
11) өкілінің болуына;
12) осы Кодексте көзделген жағдайларда өтемақы төлеуді талап етуге;
13) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген басқа да құқықтарды пайдалануға құқығы бар.
Жолданым келіп түскен күні тіркеледі, ал егер жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі. Жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген жолданым қойлатын талаптарға сай келуі тиіс.
Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының құжаттамалық қамту және шаруашылық жұмыстары бөлімі