Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес қарау туралы

Қазіргі таңда жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңының аясында жүзеге асырылып келеді. Алайда ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының «Әкімшілік рәсімдер туралы» және 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңдары өз күштерін жоятын болады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі сәйкес мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.

Әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданымды (өтінішті) бір немесе бірнеше адам (ұжымдық жолданым) бере алады. /Әкімшілік орган – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет жасау (әрекетсіздік таныту) жөнінде өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекеттік заңды тұлға, сондай-ақ өзге ұйым (4 бап, 1 т, 7 тт)/.

Мыналар әкімшілік рәсімді қозғау үшін негіздер болып табылады:

1) Жолданым (өтініш);

2) әкімшілік органның, лауазымды адамның бастамасы.

Ауызша нысанда берілген жолданымды/өтінішті/ әкімшілік органның жолданымды қабылдаған лауазымды адамы немесе жұмыскері жекелеген хаттамаға енгізеді.

Жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілген жолданымда, хаттамада:

1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекен-жайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);

2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;

3) жолданымның мәні;

4) жолданымның берілген күні;

5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көрсетілген өзге де мәліметтер көрсетіледі.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік рәсім ақылы негізде жүзеге асырылса, арыз иесі төлемді растайтын құжатты ұсынуға тиіс (63-бап).

Кодексте белгіленген тәртіппен берілген жолданым міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және қаралуға жатады.

Жолданымды қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

Жолданым мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға берілген жағдайда арыз иесіне күні мен уақыты, жолданымды қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні, лауазымы көрсетілген бірегей нөмірі бар талон беріледі.

Жолданым келіп түскен күні тіркеледі.

Егер жолданым жұмыс істемейтін күні келіп түскен болса, онда ол жақын уақыттағы кейінгі жұмыс күнімен тіркеледі.

Жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер бойынша келіп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жолданымдар Кодексте белгіленген тәртіппен қаралуға жатады.

Жолданым Кодекс белгілеген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесіне қандай талаптарға сай келмейтінін көрсетеді және оны талаптарға сәйкес келтіру үшін ақылға қонымды мерзімді белгілейді.

Егер арыз иесі жолданымды әкімшілік орган, лауазымды адам белгілеген мерзімде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келтірмесе, әкімшілік орган, лауазымды адам оны қайтарады.

Жолданымды қайтару қайта жүгінуге кедергі келтірмейді.

Арыз иесі әкімшілік іс бойынша шешім қабылданғанға дейін жолданымды өзінің жазбаша арызының негізінде кері қайтарып ала алады.

Арыз иесінің жолданымды кері қайтарып алуы мерзімдер сақталған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, оны қайта жолданым беру құқығынан айырмайды.

Хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кеміне бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізеді.

Қабылдау белгіленген және жеке заңды тұлғалардың назарына жеткізілген күндер мен сағаттарда жұмыс орны бойынша өткізіледі.

 

 

Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының

жалпы бөлімі

Дата публикации
27 января 2021