Мемлекеттік қызмет – халыққа адал қызмет етудің, ел дамуына үлес қосудың жарқын үлгісі. Осы орайда, мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп жүрген азаматтардың бірі – Зеинуллин Самғат Серікұлы.
Самғат Серікұлы 1984 жылдың 9 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Үшағаш ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. 2007 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін агроном мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе аудандық филиалында фитопатолог қызметінен бастаған.
Әр жылдары Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының іс жүргізушісі, аталған мекеменің карантиндік нысандарды анықтаушы маманы, Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізушісі және бас маманы қызметтерін атқарды.
2021–2025 жылдары Қаратөбе ауданы Саралжын ауылдық округінің әкімі қызметін атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосты.
Мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесі, жауапкершілігі мен кәсіби біліктілігінің арқасында халықтың сеніміне ие болған Самғат Серікұлы бүгінде де ел игілігі жолында еңбек етіп келеді.
Отбасылы, төрт баланың әкесі. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында Самғат Серікұлын кәсіби мерекесімен құттықтап, еңбегіне табыс, отбасына амандық, деніне саулық тілейміз!