Сессияда бюджеттердің орындалуы қаралды

Сессияда бюджеттердің орындалуы қаралды
15 мамыр күні Қаратөбе ауылында VIII шақырылымдағы Қаратөбе аудандық мәслихатының кезекті XXXX сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен мекеме өкілдері қатысты. Күн тәртібінде аудан және ауылдық округтердің 2025 жылғы бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі жылдық есептерін бекіту мәселелері қаралды.
Алғашқы болып Қаратөбе ауылдық округінің 2025 жылғы бюджетінің атқарылуы жөніндегі есеп тыңдалды. Аталған мәселе бойынша округ әкімі Ермек Сайнов баяндама жасап, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен қаржының игерілу барысына тоқталды.
Күн тәртібіне сәйкес Сулыкөл, Аққозы, Саралжын, Жусандой, Қаракөл, Егіндікөл және Қоскөл ауылдық округтерінің де бюджет атқарылымдары талқыланды. Әр округ бойынша әкімдер мен жауапты мамандар жылдық есептерін ұсынып, әлеуметтік сала, инфрақұрылым, абаттандыру және өзге де бағыттар бойынша жүзеге асқан жұмыстар туралы мәлімет берді.
Сессия барысында депутаттар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Ауылдық округтердегі қаржының тиімді жұмсалуы, елді мекендерді дамыту, жол жөндеу, коммуналдық қызмет сапасын арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Базарұлы Нұрмағанбетов Қаратөбе ауданының 2025 жылғы бюджетінің атқарылуы жөніндегі жылдық есепті таныстырды. Баяндамашы аудан бюджетінің негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, жоспарланған бағдарламалардың орындалуы туралы ақпарат берді.
Сессияда Батыс Қазақстан облысы бойынша Тексеру комиссиясының аудандық және ауылдық округтер бюджеттерінің атқарылуына жүргізілген бақылау қорытындылары да жария етілді.
Мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов төрағалық еткен сессияның күн тәртібіндегі мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып тиісті шешімдер қаблданды.
Сессияны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев аудан экономикасы жергілікті жердің дамуының бірден-бір тетігі екендігіне тоқталды. Алдағы уақытта аудан бюджетінің кіріс бөлігін көбейтуге жұмыстану қажеттігі атап өтілді.
Дата публикации
19 мая 2026